Заңгер мамандығының артықшылықтары мен ерекшеліктері

ТАЛАПКЕРЛЕРГЕ НЕ ҮШІН ЗАҢГЕР МАМАНДЫҒЫН ТАҢДАҒАНЫ ДҰРЫС НЕМЕСЕ ЗАҢГЕР МАМАНДЫҒЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ МЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Заңгерлік білім әркез беделді, әрі абыройлы мамандықтардың бірі болып саналады. Сол себепті жастар арасында заңгер мамандығына деген қызығушылық барлық кезде жоғары болып қала бермек. 
Солай бола тұрғанмен заңгер мамандығының нақты қыр-сырын әркім жете біле бермейді, тіпті талапкерлердің өздері заңгер мамандығын таңдай отырып оның кейбір басым тұстары мен өзіне тән ерекшеліктері жайлы хабардар болмауы мүмкін. 
Мен бүгін осы мамандықтың қыр-сырын мейілінше ашып көрсетіп, заңгер мамандығын таңдаған талапкерлерді болашақта қандай басымдықтар мен мүмкіндіктер күтіп тұрғандығына тоқталып өткім келеді. 
Әсіресе, бұл талапкерлер үшін дәл қазіргі кезде аса маңызды! 
Жалпы заңгер мамандығын ең әмбебап мамандықтардың қатарына жатқызуға болады деп санаймын. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бірнеше мысалдар келтіріп өтейін. Мәселен, университеттің «құқықтану» білім беру бағдарламасын игеріп, сәйкес дипломды алған түлектер мына салаларда қызмет істеу мүмкіндіктеріне ие болады: 
-сот органдарында - судья;
- прокуратура органында - прокурор;
- ішкі істер органдарында - полция қызметкері;
-Ұлттық қауіпсіздік комитетінде – қауіпсіздік қызметкері;
- адвокатурада - адвокат;
- нотариатта - нотариус;
- әділет органдарында - әділет қызметкері;
- банк және өзге де қаржы органдарында – заңгер, заң кеңесшісі, менеджер;
- мекемелер мен кәсіпорындарда, өзге де коммерциялық құрылымдарда - заңгер, заң кеңесшісі, менеджер;
- мемлекеттік қызмет саласында – мемлекеттік қызметкер, әкімшілік қызметкер;
- кеден органдарында – кеден қызметкері;
- әскери салада - судья, прокурор, заңгер, заң кеңесшісі;
- білім мен ғылым саласында – мектепте, колледжде, университетте құқықтық пәндер мұғалімі немесе оқытушысы т.с.с.
Осылайша өздеріңіз көз жеткізіп отырғандай «құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша оқып, университет дипломын алған түлектердің болашақта өз қалаулары бойынша осындай сан-алуан әрі сұранысқа ие керемет салаларда жұмыс істеуге ресми мүмкіндігі бар. 
Айта кету керек, заңгерлерге мемлекеттің, қоғамның және азаматтар мен заңды тұлғалардың мүдделерін түрлі қол сұғушылықтардан қорғауы үшін ерекше өкілеттіктер берілген. Мысалы, судьяға, прокурорға, нотариуске т.с.с. Міне сол себепті осылардың бәрі заңгерден үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Енді осы заңгер мамандығының кейбір маңызды ерекшеліктеріне толығырақ тоқталып өтейін.
 

Судья. Университет бітірген кез-келген түлек әрине, қатардағы заңгер болып жұмыс істеуді емес, абройлы, жоғары жалақы төленетін лауазымдарды иеленуді, сол арқылы қоғамда жоғары әлеуметтік мәртебеге ие болуды армандайтыны анық. Оны дұрыс, әрі қалыпты жағдай деп қабылдауға болады. Жастарда мұндай амбицияның болғаны жақсы әрине.
Кез-келген заңгер үшін судья болу - бұл үлкен жетістіктің белгісі және жеке тұлға беделінің өзіндік көрсеткіші іспетті. 
Судья - бұл сот төрелігін жүзеге асыруға құқығы бар адам. 
Судья сот төрелігін жүзеге асырумен кәсіби негізде айналысады. 
Адам тағдыры судьяға байланысты, сондықтан да судья тек білімді ғана емес, сонымен бірге, өмірде орын алып жататын әртүрлі шиеленісті жағдайларды әділ әрі заң тұрғысынан дәл, дұрыс шеше білуге қабілетті болуы керек.
Кімдер судья бола алады? Аудандық сот судьясы қызметіне үміткер Қазақстан азаматы мынадай талаптарды қанағаттандыруы тиіс:
•    жасы-30 жастан кіші емес;
•    жоғары заң білімі бар, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттерге ие, беделі мінсіз және заң мамандығы бойынша кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар;
•    судья лауазымына арнайы біліктілік емтиханын тапсырған;
•    медициналық куәландырудан өткен;
•    полиграфологиялық тексерудене өткен;
•    сотта өткен тағылымдама бойынша соттың жалпы отырысының оң бағасын алған тұлға. 
 

Прокурор. Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асыратын, сотта мемлекеттің мүддесін білдіретін және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын орган. Ал прокурор – осы прокуратура органының лауазымды тұлғасы. 
Прокурор заңның тікелей ұйымдар мен кәсіпорындарда қолданылуын тексеруге, орын алған құқықбұзушылықтар бойынша қажетті құжаттар мен түсініктемелерді талап етуге, лауазымды адамдардың заңсыз актілері мен әрекеттеріне наразылық келтіруге, заңды бұзудан туындаған залалды өтеуге шаралар қабылдауға құқылы.
 Сотта прокурор мемлекеттің мүддесін білдіреді және қылмыстық, азаматтық және өзге де істерді қараудың заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады. Прокурор заңдылық пен объективті тергеудің кепілі бола отырып, сотқа дейінгі тергеу барысында да маңызды рөл атқарады. 
Тергеуді қадағалай отырып, прокурор бірде-бір қылмыскердің жазадан жалтарып кетпеуін және кінәсіз адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылмауын қатаң қадағалайды. 
Прокурордың құзыретіне сондай-ақ қамауға алу, тінту және басқа да аса жауапты тергеу әрекеттеріне санкция беру кіреді. 
Прокурор азаматтарды олардың жеке арыз, шағымдары бойынша қабылдауды жүргізеді.
Осы күрделі және жауапты жұмысты орындау үшін мемлекет прокурорға тиісті ықпалды өкілеттіктер берген.
Прокурор болу үшін алдымен «құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білім алып, денсаулығына байланысты мемлекеттік қызметке жарамды болу керек.
Прокуратура қызметкерлерінде төмендегідей моральдық-адами және іскерлік қасиеттері болуы тиіс:
•    әдептілік және адалдық;
•    табандылық;
•    талдап, саралап ойлау қабілеті;
•    эмоционалды-психикалық ұстамдылық;
•    ақыл-ой, жақсы есте сақтау қабілеті;
•    заңтану саласында терең білімі;
•    мінсіз сауаттылық, жақсы сөйлей білу қабілеті болуы тиіс. 
 

Адвокат. Адвокат - бұл жеке және заңды тұлғаларға жоғары деңгейлі кәсіби заңгерлік көмек көрсететін маман. Адвокат беделді және сұранысқа ие мамандықтың бірі болып саналады. Адвокаттың тікелей міндеттеріне мыналар жатады: сотта жеке адамдар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. 
Адвокат мамандығы күрделі әрі жиі өзгерістерге ұшырап отыратын сан алуан заңнама негіздерін білуді және де үнемі өзін-өзі жетілдіруді талап ететін мамандық болып табылады. Мәселен, егер адвокат бірнеше күрделі, маңызды істерді сотта сәтті қорғап шықса, әдетте ол танымал және сұранысқа ие адвокат болып шығу мүмкіндігіне ие болады. 
Кімдер адвокат бола алады?
•    жоғары заң білімі бар;
•    біліктілік емтиханын тапсырған;
•    адвокаттар алқасында тағылымдамадан өткен;
•    адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алған;
•    адвокаттар алқасының мүшесі;
•    Қазақстан Республикасының азаматы адвокат бола алады.
 

Нотариус. Нотариус – ол мемлекет оған құжаттарды рәсімдеуге және куәландыруға өкілеттік берген заңгер деп айтуға болады. 
Нотариус - бұл мемлекеттік кеңселерде жұмыс істей алатын немесе жеке тәжірибемен де айналыса алатын білікті заңгер. 
Нотариустар әртүрлі заңды құжаттарды – өсиет, сенімхат, сату-сатып алу, сыйға тарту шартын куәләндіріп мұра қабылдауды және оны рәсімдеумен айналысады. 
Сондай-ақ нотариустер адамның қолының түпнұсқалығын растауға, құжаттардың көшірмелерін немесе олардың үзінділерін куәландыруға, басқа тілдерден немесе басқа тілдерден аударманың дұрыстығын куәландыруға, ақша қаражаты мен бағалы қағаздарды сақтауға қабылдауға құқылы. 
Нотариус болу үшін мынандай жеке қаситеттердің болуы маңызды: 
•    аса тиянақтылық;
•    ең ұсақ бөлшектерге мән бере білу;
•    жауапкершілік; 
•     даулы жағдайларды болдырмау, оларды шешу;
•    жақсы есте сақтау қабілеті;
•    адалдық және табандылық;
•    электрондық деректер базасымен, оның ішінде нормативтік-құқықтық актілер базамен жұмыс істей білуі қажет.
 

Заң кеңесшісі. Кез-келген мекемеге, кәсіпорынға өзге де коммерциялық құрылымдарға олардың қызмет саласының әртүрлі болуына қарамастан оларға құқықтық жұмыспен айналысатын маман қажет. Ал заң кеңесшісі міне осындай маман. Заң кеңесшісі келісімшарттар мен өзге де құжаттарды жасайды, заң талаптарының сақталуын қадағалайды, компанияны сот процестеріне әкелуі мүмкін барлық ықтимал тәуекелдердің салдарын болдырмауға бағытталған әрекеттерді жүзеге асырады.

Құрметті жас достар, талапкерлер!
Біздің факультет осы аталған 6В04101 – «Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып, заңгер мамандығына ие болуға болады! Батыл қадам, дұрыс таңдау жасап бізге оқуға келіңіздер!
«Экономика және заңтану» факультеті Сіздерді асыға күтеді!