Инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы

Қобланова Оңғаркүл Нұрмағанбетқызы

Инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры

телефон: 8(72534)6-20-47

Жылы жай туралы

Инновациялық зерттеу орталығының есебі

Қазіргі таңда еліміздегі білім беру жүйесінде жаңа талаптарға сай көптеген өзгертулер енгізіліп жатыр. Соның ішінде білім беруді ғылыми-зерттеу жұмыстармен ұштастыра жүргізу қолға алынып отыр. Осының дәлелі ретінде 2010 жылы тамыз айында «Сырдария» университетінің «Химия және биология» факультетінің оқу ғимаратының жаныңда «Инновациялық зерттеу орталығы» ашылды. Қазіргі күнде «Инновациялық зерттеу орталығын» хим.ғ.к., доцент О.Н.Кобланова басқаруда.

"Инновациялық ғылыми зерттеу орталығында" студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу және зертханалық жұмыстарын жүргізулеріне арналған 4 арнайы лабораториялық кабинеттер бар. Олар: «Органикалық және ЖМҚ химиясы» лабораториясы, «Зоология және адам анатомиясы мен физиологиясы» лабораториясы, «Бейорганикалық және аналитикалық химия» лабораториясы және «Физика» лабораториясы. Бұл кабинеттер соңғы үлгідегі қондырғылармен және техникалық оқу-құралдарымен жабдықталған.

Атап айтқанда, соңғы үлгідегі модель 6300 (6320D) JENWAY спектрофотометрі, Consort NV рН метрі, PALETTE сандық (цифровые) рефрактометрі, ТС-1/80 СПУ термостат, серия YA-ZD электрлік дистилляторы, модель ВL электрондық таразылары, ауа сорғыш шкаф, оМо-С11 микроскоп және т.б. көптеген құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жыл сайын реактивтер мен сұйықтықтар, қышқылдар жаңартылып отырады.

Зерттеу орталығында ғылыми іздену жұмыстары жүргізіледі. Биология саласы бойынша б.ғ.к., доцент С.Келдібеков «Мақтарал өңірінің флора, фаунасы және ауыл шаруашылық өсімдіктерін агробиологиялық зерттеу» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік етеді. Осы аталған тақырыпты негізге ала отырып іздену жұмыстары бірнеше бағытта жүргізілуде. С.Келдібеков «Сырдария өзені мен Шардара су қоймасы аумағындағы жабайы өсімдіктерді жүйелендіру және оларды ағын суларды тазартуда биологиялық әдістерді пайдалану» атты іздену жұмыстарының жолдарын зерттеуде. Жинаған материалдарына талдау жасау жұмыстарын осы орталықта жүргізеді.

Агробиологиялық зерттеу жұмыстарын а-ш.ғ.д., профессор Ж.Я.Батькаев, тех.ғ.д., профессор Ә.М.Әшіров, а-ш.ғ.к, доцент Е.Дошманов, ғылым магистрі Н.Нұрмағанбетов, доцент Р.Қошқаров және тағы басқа профессор - оқытушылар жүргізуде.

«Мақта ауыспалы егісінің және минералды тыңайтқыштардың топырақ құнарлығына әсерін зерттеу» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына а-ш.ғ.д., профессор Ж.Я. Батькаев жетекшілік етеді Бұл жұмыста топырақ құрамы мен ондағы тұздарға және қарашірік құрамы бойынша алынған үлгілерге талдау жасалады.

«Әр түрлі мәдени дақылдардың өнімдерін арттыруда төменгі жиіліктегі электромагниттік толқындардың әсерін зерттеу» атты ғылыми-зерттеу жұмыстары бағытында тех.ғ.д.,профессор Ә.М.Әшіровтың жетекшілігімен көптеген іс-шаралар атқарылып келеді.

«Сортаңданған топырақ жағдайында мақта өсімдігінің физиологиялық өсіп-дамуына су режимінің әсерін зерттеу» бағытында іздену жұмыстарына а-ш.ғ.к., доцент Е.Дошманов жетекшілігімен көптеген зерттеулер жүргізілуде.

«Оңтүстік Қазақстанда мақта дақылдарын зиянкестерден қорғауда биологиялық әдістерді пайдалану» атты ғылыми-зерттеу жұмыстары доцент Р.Қошқаров жетекшілігімен өз деңгейінде атқарылып келеді.

Химия саласы бойынша х.ғ.к.,доцент Ч.Ибраимов жетекшілігімен «Органикалық оксиазореагенттердің және олармен комплекстерінің ерітіндідегі жағдайларын спектрофотометриялық және квант-химиялық әдістермен зерттеу» атты зерттеу жұмыстары мен «Жаңа рационал органикалық фотометриялық реагенттерді модельдеу және оларды аналитикалық химияда қолдану» бағытында зерттеулер жүргізілуде.

Физика саласы бойынша «Энергияның сақталу және түрлену заңдарымен, соның ішінде күн сәулесінің энергиясын қолдану жолдарын зерттеу» бағытындағы жұмыстарға физ-мат.ғ.к.,доцент Э.Ходжахметов жетекшілігімен профессор-оқытушылар және студенттер мен магистранттар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырып келеді.

Жоғарыда аталған ғылыми-зерттеу жұмыстарының барлығында осы орталықтағы құрал-жабдықтар пайдаланылады. Сонымен қатар, «Инновациялық зерттеу орталығында» студенттер мен магистрлер зертханалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Орталықтың ғылыми-техникалық базасы жылсайын толықтырылып келеді.«Инновациялық зерттеу орталығы» елімізде ғылыммен айналысамын деген азаматтарға толық мүмкіншіліктер жасайды.