қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English















"Гуманитарлық білім" факультеті "Отан және шетел тарихы" кафедрасы

 


Мұражай, 2017
Мұражай, 2016
Мұражай, 2015
Мұражай, 2014
Мұражай, 2013
Мұражай, 2012
Мұражай, 2009 (245 сурет)
"Үтiртөбе", видеоролик, 3:16
"Үтiртөбе", видеоролик, 2:08

МЫРЗАШӨЛ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ

Кез келген ел, мемлекет өзiнiң мәдениетiн, ғылымын дамытпай өркениетке жете алмайтындығы белгiлi. өркениеттi, зайырлы, демократиялық мемлекет құруға бет алған бiздiң елiмiзде де білім мен мәдениетке үлкен көңiл бөлiнiп отыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен (№ 1277 жарлық, 2004 ж.13 қаңтар) 2004-2006 ж.ж. арналған "Мәдени мұра" бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама елiмiздiң болашағы үшiн маңызы өте зор екенiн әрбiр саналы адам жақсы түсiнсе керек. "Бағдарламаны iске асару, - делiнген онда, - ұлттың рухани білім беру және заттық-мәдени деңгейiнiң көтерiлуiне, өскелең ұрпақты әлемге ортақ құндылықтар, қазақстандық отаншылдық рухында тәрбиелеуге, қоғамды одан әрi топтастыруға ықпал етедi". Бағдарламаға байланысты елiмiзде мәдениеттiң барлық дерлік салаларында кешендi зерттеу жұмыстары жүргiзiлiп және көптеген мәдени-рухани байлықтарымыз ашылып жатыр. Соның бірі – Мырзашөл өңіріндегі ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы.

Ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді "Сырдария" университетінің С.Н. Апашева, М.Б. Мейірбеков бастаған "Тарих" кафедрасының профессор-оқытушылары мен студенттері қолға алды. Университеттің қаржыландыруымен 2004 жылы т.ғ.к., доцент, белгілі археолог М.Қасенов жетекшілік еткен "Сырдария" археологиялық экспедициясы және 2009, 2014, 2015 жылдары "Археолог" Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, т.ғ.д., профессор М. Елеуов бастаған, Сырдария университетінің профессор-оқытушылары мен студенттерінен құралған "Мырзашөл" археологиялық экспедициясы ортағасырлық Ұтырлы (Үтірлі) қаласына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданының орталығы Жетісай қаласынан 30 шақырым солтүстік-шығыста, Үтіртөбе ауылынан 12,1 км солтүстік-батыста, Сырдария өзенінен 2 км оңтүстікте орналасқан. Географиялық координаттары: С. 41°03'797", Ш. 068°25'809", т.д.б. 250 м. (1-сызба).

Қаланың ежелгі аты белгісіз. Жазба деректерде кездеспейді. Жергілікті халық Ұтырлы қаласының атауын Үтірлі немесе Үтірлітөбе, Үтіртөбе деп те атайды.Үтірлі атануы "Ұтырлы" деген сөзден шығуы мүмкін. "Ұтырлы" - қазақ тілінде ұтымды, ұтқыр, қолайлы деген мағынаны білдіреді. Бұл қаланың тіршілікке жайлы, тоғыз жолдың торабында, қолайлы жерге орналасуынан шығуы мүмкін. Ал, Үтірлітөбе, Үтіртөбе атануына келсек, қазіргі кезде қаланың пішіні "үтір белгісіне" ұқсас болғандықтан жергілікті халық осылай атаған дейді.

Шынында да қаланың географиялық орналасуы қолайлы, жол торабында орналасқан. Қаладан солтүстік-шығысқа қарай жол Сырдан өтіп, Чиначкентке (Шыназ), одан әрі Орта Азияның ірі орталығы - Шашқа (Ташкент) барған. Ал, Сырдың сол жағалауымен жоғары қарай өрлеген жол Хожентке жеткен. Сырмен төмен қарай жүрген тағы бір негізгі бағыт Сүткент қаласы арқылы өтіп, Оқсызға (Весидж) барған. Одан әрі жол жан-жаққа (Яссы - Сауран - Сығанақ, Испиджаб және Орталық Қазақстан бағыттары) тармақталады. Ал,қаладан оңтүстік, оңтүстік-батысқа қарай шыққан тағы бір бағыт Мырзаның шөлін басып өтіп Жызаққа, одан әрі Самарқан, Бұхараға жол тартқан.

Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы нақты қай уақытта өмір сүрген және ол қай елге, тайпаға тиесілі деген мәселеге келсек, алғашқы археологиялық зерттеулер бұл қаланың ҮІІІ-ХІІ ғасырларда, оғыздар дәуірінде өмір сүрген қала екенін көрсетеді. Әсілі, бұл оғыздардың қаласы болуы керек. Олай дейтін себебіміз, біріншіден, Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласының Сырдың орта ағысы бойындағы ондаған қалалармен өте ұқсастығы, олардың жобасы мен құрылыс технологиясы, тіпті табылған заттарына дейін ұқсастығы бұл қалаларды бір кезде бір халық салғандығын көрсетеді. Оғыз дәуірі кезінде Сырдың бойындағы қала мәдениеті даму сатысының жоғары деңгейінде болды. Махмұд Қашқари өзінің еңбегінде оларға сипаттама береді. Екіншіден, сол дәуірдегі тайпалар мен мемлекеттердің геосаяси орналасуы да біздің бұл ойымызды қуаттай түседі. "Мауереннахр шекарасының өн бойында, - деп хабарлайды Әл-Истархи, - соғыс шайқастары болып жатады. Хорезмнен Испиджаб төңірегіне дейін оғыз-түріктермен, Испиджабтан Ферғананың ең шалғай жерлеріне дейін қарлұқ-түріктермен шайқас болып тұрады". Бұдан біз Испиджабтың оғыздар мен қарлұқтар арасындағы шекара болғанын көреміз. Сонымен бірге Келес даласында "Оғыздар қонысы" (Дех и гузз) болған. Шаш аймағында оғыздар мен қарлұқтардың исламды қабылдаған тайпалары жиылып қоныстанған. Демек, Испиджаб пен Шаштың батыс аймақтары, оның ішінде Ұтырлы да оғыздардың жеріне кірген деп есептеуге болады.

Үтіртөбе қаласының қазіргі жобасы шынында да үтірге ұқсап жатыр. Қаланың сыртқы көлемін су шайып кеткен. Сондықтан оның бұрынғы пішіні белгісіз. Қазіргі сақталған көлемі шығыстан батысқа қарай 388 метр, солтүстіктен оңтүстікке қарай 180 метрге созылып жатыр. Батыс жағынан ені 40 метрге дейін жіңішкеріп барып біткен.

1-сурет

Ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына 2004 жылы жүргізілген археологиялық зерттеулер

Сырдария археологиялық экспедициясы ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласының солтүстік жағындағы биіктігі 3 метр болатын жарқабақты бойлай 1-ші қазба салды.

Қазба-1. Жоғарғы хронологиялық кезеңге жататын мәдени қабатын кең көлемде зерттеу мақсатымен көлемі. 5х5 метр қазба салынды, ол 1,5 метр тереңдікке дейін қазылды. Жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде үш бөлме ашылды.

Жоғарыда аталған бөлмелерді қазу кезінде көптеген қыш бұйымдар: дастархан, көзе, күбі, құмыра, шырақ табақ, кесе, қазан, тағара, қыш ыдыстардың сынықтары т.б. табылды.

Қазба-2. Қаланың оңтүстік бөлігіне салынды. Қазба көлемі 10х10 метр. Ол 1 метр тереңдікке дейін қазылды. Жүргізілген қазба нәтижесінде екі бөлме ашылды.

Бірінші бөлме қазбаның солтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Ол дәліз көлемі 0,90х3,4 метр. Қабырға биіктігі 1 метр, қалыңдығы 40 см. Оңтүстік-батыс жағында келесі бөлмеге өтетін есік бар. Ені 70см. баспалдаққа көлемі 30х15х4 см. болатын бір қатар кірпіш төселген. Биіктігіне екі қатар кірпіш қаланған табалдырық үстіне көлемі 51х51х5см. қыш тақта қойылған. Ортасында диаметрі 1см. болатын тесігі бар. Оның қасынан бір аяғы сақталған қыш дастархан табылды. Бөлме іші, едені тегіс сыланған. Күл мен қоқыспен, құландымен толған.



Қазба-3. Төбенің өмір сүрген уақытын, мәдени қабатын анықтау үшін, оның су бұзып кеткен солтүстік жағындағы жарқабаққа кесінді салынды. Ол материкке дейін тазартылды: ұзындығы-14 метр, ені-1 метр, тереңдігі 4 метр.

Қазба-4. Қазба қабірдің шығыс жағына салынды. Көлемі 5х3 метр. 1 метр тереңдікке дейін құланды қабырғалар, кірпіш сынықтары, күл-қоқыс қалдықтары кездеседі. 1 метр тереңдіктен, қазбаның оңтүстік-батыс бұрышына жерленген адам қаңқасы табылды. Жерлеу ғұрпы мұсылманша. Қаңқа шалқасынан жатқызылып, бағыты солтүстік-батысқа, беті батысқа қаратылған. Ұзындығы 1,60 метр. Сүйегі жақсы сақталған. Қолдары созылып шынтағынан бүгіліп ішіне қойылған. Аяқ сүйектері сақталмаған. Жасы 30-35 шамасында, жынысы әйел.

Қазба-5. Қаланың оңтүстік-батыс жағында, орталығынан 250 метр қашықтықтағы, биіктігі 0,5 метр, диаметрі 20 метр төбешікке салынды. Төбешік үсті қыш кірпіш сынықтарына толы. Төбешікке көлемі 3х3 метр қазба салынды. 20 см. тереңдіктен қыш кірпіштен қаланған қабырға шықты. Сақталған қабырға көлемі 25х18х2см. қыш кірпішпен қаланған. Қалау әдісі жалпалығынан үш кірпіш, тік қырынан үш кірпіш қойылып, ортасына лай сылақ салынған. Биіктігі 30 см., сақталған ұзындығы 2,6 метр. Қыш кірпіш өте сапалы жасалған.

Археологиялық қазба барысында көптеген бұйымдар: қыштан жасалған түрлі құмыралар, күбілер, дастархандар, түбек, қазан, қақпақтар, кеселер т.б. бөліктері, темірден жасалған найза ұшы, жебе ұшы, қылыш сынығы және көгілдір хрустальдан, көк тастан, қызыл түсті сердоликтен, қара пастадан, теңіз ұлу қабыршағынан, мөлдір тастан, сүйектен жасалған түрлі моншақтар, сондай-ақ, өркениеттіктің басты белгілерінің бірі - қыш ыдысқа жазылған жазу табылды. Бір қызығы, екі табақ сынығынан табылған бұл екі жазу да төрт таңбалы альфавиттен тұрады және олар үш рет қайталанып басылған. Қазіргі кезеңде жазудың мәтіні анықталған жоқ. Ол қалыппен басып салынғандақтан әлі көптеп кездесуі мүмкін.

Ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына 2009 жылы жүргізілген археологиялық зерттеулер

Табиғи апаттан су шайып бұзылып жатқан ортағасырлық Үтіртөбе қаласының тарихи-топографиялық құрылымын анықтау мақсатында қаланың солтүстік-батыс шетіне жақын орналасқан ең биік (репер) нүктесінен 52 м оңтүстік-шығысынан, қаланың солтүстік-шығысындағы Шардара су қоймасына жиналған Сырдария өзенінің суы шайып бұзып жатқан

Үтіртөбе қаласы. 1 - қазбаның жобасы мен кесінділері

бөлігінен көлемі 3,25 - 9 х 20,35 м болатын, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай бағытталған қазба-1 салынды. Қазба жұмыстары солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай сандық (1, 2, 3, 4, 5), солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай алфавиттік (А, Ә) шаршыларға (квадраттарға) бөліп, қазу арқылы жүргізілді. Қазба барысында ашылған бөлмелер ашылу ретіне қарай сандық көрсеткішпен белгіленді. Шаршылардың ішін қалыңдығы 0,05 –0,10 м келетін шым қабатынан тазарту кезінде 3А – 4А шаршыларынан қабырғасы пахсадан қаланған №1-бөлме ашылды.

Ашылған осы бөлмеден қазба жұмыстарын оңтүстік-батысқа қарай жалғастырып қазу барысында 1-бөлменің қалыңдығы 0,7 м болатын батыс қабырғасымен ортақ №2-бөлме ашылды. Ашылған бөлменің көлемі 3х3,25 м, оның қабырғалары қалыңдығы 0,5-0,8 м келетін пахсадан тұрғызылған. Бөлменің ені 0,9 м болатын есігі солтүстік-батыс бұрышында орналасқан.

Ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына 2014 жылы жүргізілген археологиялық зерттеулер

Кесік 1. Шахристанның су шайып бұзылып жатқан солтүстік-батыс жиегінен қазылған кесік 1 шығыстан батысқа қарай бағытталған. Кесіктің ұзындығы 7 м, ені 1-1,1 м, тереңдігі 3 м. Кесіктен ашылған құрылыстарды, археологиялық заттарды есепке алу үшін ол тігінен ярустарға (50 см), көлденеңінен (1 м) шаршыларға бөлінді.

Қазба 1. Шахристанның солтүстік-батыс жиегін жиектей қазылған қазба 1-дің көлемі 10х6 м, тереңдігі 2,3 м, оның солтүстік-батыс жағын су шайып кеткен ал солтүстік-шығыс жағында кесік 1 мен қатар жатыр, аралары 1 м. 2,3 м тереңдікте қазылған қазбаның оңтүстік-шығыс жағынан солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай бағытталған бір-бірінен 0,7-0,9 м аралықта жатқан екі қабырға ашылды.

Қазба 2. Қазба 2 қазба 1-дің оңтүстікке қарай қазылған жалғасы болып табылады, оның көлемі 12,5х5,5 м. Қазба 2-нің батыс жағы 2009 жылы жүргізілген қазба 1 мен жалғасып жатыр.

Қазба 2 жоғарғы нүктеден (реперден) 1,2-1,3 м тереңдікте қазылды, соның нәтижесінде қазба 1-ден ашылған екі қабырғалардың (шығыс, батыс) солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай бағытталған жалғасы ашылды. Кесік 2. Шахристанның шығыс бөлігінінің сыртқы жағын су шайып бұзған, сыртынан осы заманғы арық қазылған жерінде ұзындығы 15 м, ені 1 м, тереңдігі 3,6 м кесік 2 қазылды. Кесік ярустар мен шаршыларға бөлінді, бағыты шығыстан батысқа қарай бағытталған. Кесікті қазу барысында V-ярустың деңгейінде 1-шаршыдан қалыңдығы 0,75 м пахса қабырға ашылды. Қабырғаның сақталған биіктігі 1,1 м, ол солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған. Қазба барысында пахса қабырғаның іші жағында жатқан күл аралас топырақтың арасынан қыш ыдыстардың ұсақ сынықтары табылды.

Қазба 3. Шахристанның солтүстік-батыс бөлігінде жүргізілген қазбаның көлемі 9х7 м, оның солтүстік-шығыс жағын су шайып кеткен. Қазбаны жүргізу барысында оңтүстік-батыстан солтүстік-оңтүстікке қарай бір-бірімен тізбектеле орналасқан 3 бөлменің қалдығы ашылды.

2014 жылы ортағасырлық Үтіртөбе қаласында жүргізілген кесіктер мен қазбалардан табылған қыш ыдыстардың қатарында құмның, құтының, құмыраның, дастарханның, сынап көзенің және сырлы-бояулы ыдыстардың сынықтары бар.

Ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына 2015 жылы жүргізілген археологиялық зерттеулер

2015 жылы ортағасырлық Үтіртөбе қаласының тарихи-топографиясы зерттеліп, оның инструменттік жобасы түсірілді және шахристанда қазба жүргізілді. Ортағасырлық қаланың инстументтік жобасын түсіру барысында оның тарихи-топографиялық құрылымының сақталған орталық бөлігі мен шаруашылық аймағының және қалалық зираттың 2015 жылғы қыркүйек айындағы көлемдері анықталды. Шаруашылық аймағындағы зерттеу жұмыстары ортағасырлық қаланы солтүстік, солтүстік-шығыс, шығыс және оңтүстік-шығыс жақтарынан қоршап жатқан Сорөзектің оң жағасында жүргізілді. Жүргізілген археологиялық барлаудың барысында шахристанның оңтүстік-шығыс қақпасына қарсы, Сорөзектің оң жағасынан басталған орташа ені 7-8 м, тереңдігі 1-2 м (оның ені кей жерінде 10-12 м, тереңдігі 1-1,5 м) канал, 0,5 км аралықта оңтүстік-батысқа, онан кейін оңтүстікке, оңтүстік-шығысқа, шығысқа, солтүстік-шығысқа, солтүстікке бұрылғаны анықталды.

Шахристанының жоғарғы қабатын зерттеу мақсатында 2014 жылы жүргізілген 8-қазбаға іргелес (оған жақын) 9-қазба салынды. Солтүстіктен оңтүстікке бағытталған қазба шахристанның су шайып бұзылған солтүстік-батыс жиегінен басталды, оның көлемі 17х19 м, қазбаны өсімдік қабатынан, шымнан тазартып 0,4-0,5 м тереңдікте қазған кезде алты бөлме ашыла бастады. Олардың пахсадан қаланған қабырғалары әлемнің төрт жағына қарай бағытталған. Бөлмелерден көптеген тарихи жәдігерлер табылды.

Сонымен Мырзашөл өңіріне, оның ішінде апатты жағдайдағы Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында көңіл бөліп, кешенді түрде археологиялық зерттеулер жүргізуді одан әрі жалғастыру кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Біздің ойымызша, бұл игі іске "Сырдария" университетінің "тарих" мамандығының студенттерін де қатыстырып, жылда археологиялық практика жүргізіп отыруды жалғастыру қажет. Бұл біздің өзіміздің туған жерге, Отанымызға деген перзенттік парызымыз деп білеміз.

Сонымен, қорыта келгенде, ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына жүргізілген археологиялық зерттеудің алғашқы нәтижелері біздің кең-байтақ Отанымыздың бір пұшпағы болып табылатын – Мырзашөлдің тарихы кешегі мақта шаруашылығына қатысты оман-арықтардан ғана басталмайтынын, оның тарихы тым ертеден бастау алатынын және қалалық мәдениет гүлденіп дамыған өңір болғанын көрсетеді.

 


Мұражай, 2017
Мұражай, 2016
Мұражай, 2015
Мұражай, 2014
Мұражай, 2013
Мұражай, 2012
Мұражай, 2009 (245 сурет)
"Үтiртөбе", видеоролик, 3:16
"Үтiртөбе", видеоролик, 2:08




Біздің мекен-жайымыз:
160500, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі, 11.
Tелефон: 8(72534) 6-30-00, 6-34-03
Факс: 6-34-03, 6-14-63
Е-mail: sirdariya@mail.ru

free counters
^ Жоғары шығу