қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English

Ауданның жыл үздіктері анықталды

Мақтарал ауданында тұңғыш рет «Жастар күні» мерекесі ұйымдастырылып, 2013-2014 жыл қорытындысы бойынша түрлі салада қоғамдық жұмыстарда белсенділігімен танылып жүрген талантты, дарынды жастарға арналған «Мақтарал ауданының өңірлік жастар сыйлығы байқауы» болып өтті.

Байқауға университетімізден «Үздік жас оқытушы» және «Үздік студент» номинациялары бойынша үміткерлер қатысып, бағын сынады.

«Үздік жас оқытушы» номинациясы бойынша қатысқан «Сырдария» университетінің «Педагогика және психология» кафедрасының аға оқытушысы, ғылым магистрі, «Гуманитарлық білім» факультетінің декан орынбасары Файзиев Нұржан Сапарханұлы өзінің жеткен жетістіктерінің нәтижесінде аталған номинация иегері атанды.

Жеңіс иесі білім мен ғылым жолында бірнеше жеңісті асулардан өткен: 2006 жылы мемлекеттік грантпен «Сырдария» университетіне оқуға түсіп, оны 2010 жылы «Үздік» дипломмен бітірген. Студент кезінен-ақ ғылымға бет бұрған Нұржан Сапарханұлы «Жас ғалым-2009» атты студенттердің ғылыми-тәжірибелік конференциясында жүлделі бірінші орынға, сонымен қатар аудан және университет көлемінде өткізілген пікірсайыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүрген.

2010 жылы мемлекеттік грантпен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-не магистратураға оқуға түседі, онда да өзінің білімділігі мен белсенділігінің нәтижесінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойында оқудағы, білімдегі, ғылыми зерттеу жұмыстарындағы ізденістері мен қоғамдық жұмыстарға қосқан үлесі үшін «Үздік магистрант» атанып, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі У.К. Бишимбаевтың сый ақысымен марапатталған. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған жастар, студенттер және жас кәсіпкерлер арасындағы «Самұрық-Қазына» ұлттық әлауқат қорының 5 000 000 теңгелік «Инновациялық Қазақстан» Республикалық байқауының лауреаты атанған. 2011 жылы белгілі шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов оқыған «Омбы кадет корпусында» болып, Ресейдің Омбы қаласында орналасқан Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде тағылымдамадан өткен.

Жас зерттеушінің біліктілігін ғылыми жетекшісі педагогика ғылымдарының докторы, профессор Д.А. Кемешев және шетелдегі жетекшісі п.ғ.д., профессор Қ.Ж. Әмірғазиннің дәрістері мен бағыт-бағдарларының негізінде арттырып отырған. Магистрлік диссертация жұмысына мемлекеттік комиссия төрағасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры С.Аманжолов жоғары баға берген. 2012 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің магистратурасын «Педагогика ғылымдарының магистрі» академиялық дәрежесімен «Үздік» бітіріп шыққан.

«Сырдария» университетінен бастаған педагогикалық өтілінің алғашқы жылдарынан-ақ студенттерді ғылыми зерттеу жұмыстарына баулып, Тараз қаласында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатыстырып, мақалалар жариялады. Сонымен қатар республикалық пәндік олимпиадалар мен сайыстарда жетекшілік жасап, даярлаған студенттері жоғары көрсеткіштерді көрсетіп отырған. Атап айтқанда, 2013 жылы Тараз қаласында өткен І Республикалық «Бауыржан оқуларында» Молдахмет Архат «Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді» номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орынды иеленсе, 2014 жылы өзге ұлт өкілдерінің арасында өткен ІІ республикалық «Бауыржан оқулары» байқауында Тагаев З.А. «Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді» номинациясы бойынша І орынды, Ширинова Д.Б. ІІ орынды иеленді. Ал Фатулаева Ұ.М. «Адал ұл ер боп туса – ел тірегі», Додожанова М.Р. ««Ел» дегенде еміреніп» номинациялары бойынша ІІ орынға қол жеткізген.

2013 жылы өткен бейнелеу өнері және сызу пәндерінен V Республикалық пәндік олимпиадасында үздік команда дайындағаны үшін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректорының «Алғыс хатымен» марапатталған.

2013 жылы «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез!» атты студенттер арасында облыстық пікірсайыс турниріне студенттерді дайындап, «Ақиқат» фракциясын жүлделі ІІІ орынға алып шықты. Білім және ғылыммен қатар тәрбие жұмыстарын қоса жетелеген Нұржан Сапарханұлы университет деңгейінде өткізіліп жүрген мерекелік іс-шаралардың сценарилерінің авторы және ұйымдастырушысы бола білді. Атап айтқанда, Білім күні мерекесіне арналған ««Сырдария» - білім көкжиегі», «Жігіт сұлтаны», «7 мамыр – Ұландар күні», 9 мамыр – Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған «Ұлы жеңіс – ұрпаққа аманат!», ұстаздар күні мерекесіне арналған «Ұстаз - Ұлы тұлға», I курс студенттерін студент қатарына қабылдау мерекелеріне арналған «Студенттік алтын дәуір», Қозы Көрпеш – Баян Сұлу мерекесіне орай «Махаббат мәңгі ертегі».

2013 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы, Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру республикалық институты мен Германия федеративтік республикасының Дюсельдорфф қаласында орналасқан «Менеджмент және технология халықаралық академиясы» Қазақстан ЖОО-ның профессор-оқытушыларына арналған «Германия жоғары оқу орындарындағы инновациялық әдістер мен оқыту технологиясы» тақырыбында біліктілігін жоғарылатты. Германияның Дюссельдорф, Франкфурт, Кёльн, Хаген, Дортмунд, Дуйсбург қалаларында, сонымен қатар Люксембург, Бельгия, Нидерланды мемлекеттерінде болған.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша 10-нан аса ғылыми мақаланың авторы. Ал студенттерге жетекшілік жасап, 8-ден аса студентті халықаралық және республикалық, университетішілік ғылыми конференцияларға қатыстырып, ғылыми мақалаларын жарыққа шығарды.

25-26 қараша күндері «Ғылыми педагогикалық зерттеу жұмысының әдістемесі» пәнінен «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» және «Педагогика және психология» мамандықтарының арасында «Педагогика ғылымының өзекті мәселелері» атты студенттік ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді. Конференцияда 120 –дан аса ғылыми мақалалар жазылып, баяндама жасалынды.

Жас болсада биік асуларға қол жеткізіп үлгерген әріптесіміздің бұл жетістігі еткен еңбектерінің жемісі деп білеміз. Еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосар жастарымыз Мақтарал ауданында да, сол ауданның рухани байлығы бола білген «Сырдария» университетінде де жеткілікті екендігі даусыз. Бұл сөзімізге дәлел ретінде “Гуманитарлықбілім” факультетінің, тарих мамандығының 3-курс студенті Молдахмет Архад Айтжанұлының “Үздік студент” номинациясымен марапатталуын айтуымызға болады.

Архад Айтжанұлы аудан, облыс, республика көлемінде өткізілген байқаулар мен олимпиадаларға белсене қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Атап айтқанда, 2013 жылы Тараз қаласында өткен І республикалық «Бауыржан оқуларында» «Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді» номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орынды иеленсе, ”Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының ауыспалы кубігіне ұйымдастырылған ”Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез ” атты облыстық студенттер арасында өткен пікір-сайыс турнирінде ІІІ орынды қанжығасына байлады. Үстіміздегі жылдың 27-29 наурыз күндері Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде өткен тарих пәнінен VI республикалық-пәндік олимпиадаға тарих мамандығының студенттерінен құралған «Мырзашөл қырандары» командасы жүлделі ІІІ орынды иеленді. Аталған команданың белді мүшесі ретінде қатысқан Архад өзінің білім деңгейі мен тапқырлығын тағыда дәлелдеді.

Сонымен қатар, “Сырдария” университетінің 15 жылдығы қарсаңында өткізілген іс-шараларға белсене қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Уинверситетте өткізілетін дәстүрлі студенттік ғылыми-тәжірибелік конференцияларында да баяндамалар жасап, өз биігін көрсете білген студенттердің бірі.

Университетіміздің екі бірдей жастары үздік атанып, аудан әкімінің марапатымен марапатталуы біз үшін үлкен мақтаныш. Сондықтан да «Үздік жас оқытушымыз» бен «Үздік студентімізге» алдағы уақытта шығармашылық табыс, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілейміз.

Н.С. МОЛДАБЕКОВА
«Гуманитарлық білім» факультетінің деканы
«Сырдария» университеті


«Гуманитарлық білім» факультеті – студенттердің биік мұраттарына қызмет етеді


Басқа жаңалықтар