қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English

«ГУМАНИТАРЛЫҚ БІЛІМ» ФАКУЛЬТЕТІ – СТУДЕНТТЕРДІҢ БИІК МҰРАТТАРЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Бұқаралық ақпараттық құралдарда Жетісай қаласындағы «Сырдария» университетінің «Мәңгілік Елге» қол жеткізу барысында жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы күнделікті жазуда. Яғни студенттердің қазіргі қоғам талабына сай білімді, шығармашыл, бәсекеге лайықты кәсіби маман болуына қажетті материалдық-техникалық қажеттіліктерді заманауи талапқа сай жетілдіріп, кітапхананы жаңадан жарыққа шыққан ғылыми оқулықтармен толықтыруы, студенттердің кредиттік технология жүйесі бойынша білім алуы мақсатында білікті мамандардың жұмыс жасауы, өзге ЖОО-мен қатар, шетел ғалымдарын дәріс оқуға және тәжірибе алмасуға шақыруы, «үштілділік» мақсатты көздеп, «Ағылшын тілі» курсының ашылуы және т.б. осындай міндеттерді жүзеге асырудағы игі іс-әрекеттер.

Осыдан төрт ай бұрын облыс орталығынан шалғай жатқан Жетісай қаласында орналасқан бұл университет туралы осы деректерді оқығанымда, сенбес пе едім, жай жарнама үшін жазылған деп ойлар едім.

«Сырдария» университетіне алғаш келген күнім әлі есімде. 4 қабатты бас ғимарат, іші жарық және жылы екен. Қысқы демалыс кезі болғанымен, студенттер ығы-жығы. Екінші қабатта орналасқан кітапханада, оқу залында және электронды оқу залында білім соңында жүрген студенттерге сүйсіне қарадым. Сойтіп тұрғанымда, көзім сөредегі кітаптарға түсті. Қызық, Шымқаланың кітапханаларынан таба алмай жүрген оқулықтарым мұнда қаздай тізіліп тұр екен. Оларды көргенде көзім жайнап кетті.

Ендігі кезекте үшінші қабаттағы мұражайға қарай бет алдық. Керемет! «Отан және шетел тарихы» кафедрасының ғалым оқытушыларының басшылығымен ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына жүргізген археологиялық қазба жұмыстарынан табылған ескі құмыралар, соқа, ыдыс-аяқ сынбалары және т.б. заттар тізіліп тұр. Ескі қала туралы ғылыми деректер де жеткілікті. Мұражайда Мақтарал ауданының кешегі және бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар ететін ресми құжаттар мен суреттер молынан ұсынылған.

Танысу оқу қабаттарын аралаумен жалғасты. Әр кафедраға тиесілі интерактивті тақталар, проекторлар, лингафонды кабинет, 8 компьютер класы бар екен. Оқу аудиториялардың біріне кірсек, лық толы студенттер. Бұл «Абайтану» кабинеті екен. Мұнда студенттер оқытушының қатысуынсыз «Абайтану» үйірмесінде интерактивті тақтадан көрген «Бала Абай» фильмін талқылау үстінде екен.

Кезектегі бағытымыз екінші оқу ғимараты - «Биология» ғимараты мен «Инновациялық зерттеу орталығы» болды. Ақ халаттарын киіп алып тәжірибе жасап жүрген студенттерді көргенде, бейне бір ғылыми-зерттеу орталығында жүргендей сезіндім. Бұл оқу ғимаратында да кітапхана мен оқу залы қызу жұмыс жасау барысында. Ал Вертуалды кітапханада соңғы үлгідегі мультимедиялық қондырғылар мен аудио, бейне құралдары орнатылған.

«Қазақстан» жастар сарайы – бұл кез-келген ЖОО-да бола бермейтін 500 орындық кинотеатр. Оның сахнасы студенттерден бос емес. Өнерлі студенттер 8-наурыз мерекесіне қызу дайындалуда.

Университеттің келесі – төртінші ғимараты қаланың орталығында орналасқан екен. Мұнда өнер мамандықтарына арналған оқу залы, би залы, арнайы безендірілген оқу аудиториялармен қамтылған.

Соңғы аялдамамыз - Студенттер үйі болды. Мұндағы кең, жарық, әрі таза бөлмелер қонақ үйіндегі нөмірлерге өте ұқсайды. Үшінші қабатта аудиториялар, әдістемелік және оқу залдары да жеткілікті. Кез келген тағамды дайындауға жабдықталған асханасы да бар.

Осылай, «Сырдария» университетіндегі алғашқы танысу күнім үлкен толғаныспен аяқталды. Сонда мен жергілікті халық үшін, әсіресе, әлеуметтік немесе материалдық жағдайы төмен Мақтарал жастары үшін жақын жерде жеке меншік түгіл, мемлекеттік ЖОО-нан еш кем емес осындай білім ордасы болғанына қуандым. Шынында да, білім, ғылым негіздеріне ие боламын деген студенттер қай ЖОО-да оқығанына байланысты емес. Қазірде уақыт талабына сай жабдықталған білім ордаларында сапалы да білікті маман болып шығуға толық мүмкіндік бар. Ондай ЖОО-ның бірі де бірегейі бүгінгі таңда «Сырдария» университеті екендігінде еш күмәнім қалмады.

«Гуманитарлық білім» факультетінің құрамындағы 4 кафедра 8 мамандық бойынша білім бакалавры, 3 мамандық бойынша ғылым магистрлерін даярлайды. Бүгінгі таңда факультетте 78 оқытушы – профессорлар 700-ден аса студентке сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Сонымен қатар шетелдік ғалымдар PhD, профессор Вальтер Фризен (Германия) «Германия тарихы», PhD, этнолог Йеско Шмоллер (Германия) «Антропология» бойынша дәрістер оқып, халықаралық білім және тәжірибе алмасуда. Сәуір айында Орталық Азия бойынша Кембридж форумының төрағасы, Кембридж – Қазақстан орталығының директоры, Ішкі Азия комитетінің Құрметті хатшысы, доктор Сидхарт Шанхер Саксенамен университет профессор-оқытушылары мен студенттер кездесті. Ал таяуда докторант, Оңтүстік Кореялық Інжу Қыз да іс-сапармен болып, өзінің университет жайлы жылы лебізін білдірді.

«Гуманитарлық білім» факультетінде бакалавр бойынша 5В010200 - «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», 5В010300 - «Педагогика және психология», 5В011700 - «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В011900 - «Шетел тілі: екі шет тілі», 5В011400 - «Тарих», 5В050900 - «Қаржы», 5В050800-«Есеп және аудит» және 5В030100-«Құқықтану» мамандары дайындалады.

Ал магистратура бойынша 6М010200 - «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» және 6М011700 - «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандары дайындалады.

Факультеттің студенттеріне сапалы білім беруде ғылым докторы, профессорлар Б.Серіков – ҚР ЖОО үздік оқытушысы, К.Ахметов, А.Жаппаров, ғылым кандидаттары Қ.Жидебаев, Л.У.Әбенова, Б.У.Қорғанбеков, Ж.Асабаев, Н.С.Молдабекова, Б.Құрбаналиев, С.Д.Мамыраимов, Р.С.Тәжітаева, С.Н.Апашева, М.Б.Мейірбеков, С.К.Елшібаев, А.А.Сүттібаева, Е.Т.Төремұратов, Х.Бердібеков және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист, университет профессоры Н.Ә.Қадырбаев, ғылым магистрлері мен білікті оқытушылар еңбек етуде.

Университетте студенттердің ғылыммен айналысуына ерекше көңіл бөлінеді. Факультет деңгейінде ұйымдастырылған «Ғылыми идеялы жастар – мәңгілік елдің инновациялық моделі ретінде» тақырыбындағы студенттердің ғылыми-практикалық конференциясында 6 секция жұмыс жасады. Онда 146 ғылыми баяндама тыңдалды. Ондағы 1-орын иегерлері Елеупова Феруза, Мелдеханова Амина, Султанова Рушана, Молдахмет Архад, Ширинова Дилнавоз, Әбдіразақ Сайджалелидин университет тарапынан марапатталды. Нәтижесінде 54 студенттің ғылыми мақалалары Халықаралық, Республикалық және университет жариялаған материалдар жинақтарында жарық көрді.

«Отан және шетел тарихы» кафедрасының студенттері де ғылыммен айналысуға үлкен көңіл бөледі. Соның жарқын дәлелі – биылғы Қызылорда қаласында өткен ҚР ЖОО ҮІ Республикалық студенттердің пәндік олимпиадасында Ерсариев Алтынбек, Нысанбекова Аягөз (3-курс) және Молдахмет Архад (2-курс) магистр-оқытушы А.Азизбекованың басқаруымен жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.

Сонымен қатар ерекше атап өтуге тұрарлық жұмыстардың бірі – бастапқыда археологиялық жұмыс жүргізілмеген ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласын зерттеп, оны ғылыми айналымға ендіруі. Кафедра доценттері, ғылым кандидаттары С.Н.Апашева және М.Б.Мейірбековтің басшылығымен студенттер «Археолог» Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.к.д., профессор М.Елеуовтың жетекшілігімен 2004, 2009, 2010 жылдары археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, үлкен ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді. Ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласынанг табылған археологиялық құнды жәдігерлер Университет мұражайына қойылып, бүгінгі Мырзашөл өңірінің бай тарихынан сыр шертіп тұр. Бұл туралы ғылыми конференцияларда баяндамалар жасалып, ғылыми басылымдарға жарияланды.

«Педагогика және психология» кафедрасының студенттері ғылыми-зерттеу жұмыстарының базасы ретінде ақыл-есінде кемістігі бар балаларға арналған Жетісай қосалқы мектеп-интернатын таңдаған. ПжП-12 оқу тобының студенті Қожанепесов Нұрсұлтан кафедра доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Н.С.Молдабекованың жетекшілігімен «Жетісай қосалқы мектеп-интернатындағы оқушы тұлғасының психологиялық ерекшеліктері» атты тақырыпта ғылыми жоба жазып, студенттердің ғылыми-практикалық конференциясында 2-ші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар студенттер мектеп-интернаттағы оқушыларды қамқорлыққа алып, бірлесіп түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Оған дәлел, ПжП-12 оқу тобының студенті Зұлпыхаров Бауыржанның ұйымдастыруымен 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне арналып ұйымдастырылған мерекелік іс-шара.

«Қазақ және әлем тілдері» кафедрасының абайтанушы ғалымы, филология ғылымдарының кандидаты Л.У.Абенованың меңгерушілімен «Абайтану» дәрісханасы жұмыс жасайды. Оның негізгі мақсаты - Ұлы Абайдың шығармашылығын танып-білуді жаңа сапалық деңгейге көтеру, ал шығармашылығын жас ұрпақ тәрбиесіне жүйелі енгізу, әрі ақын мұрасын оқырман көпшілікке насихаттау. Сонымен қатар кафедраға тиесілі лингофон кабинеті жұмыс жасайды, онда шет тілі мамандығының студенттері дәріс өтеді.

Студенттердің шығармашылық жұмыспен айналысуына «Құқық және экономика» кафедрасының «Жас заңгер», «Жас экономист» үйірмелері де үлкен мүмкіндіктер жасауда. «Құқық және экономика» кафедраның профессор-оқытушылары және талапты, білімді студенттері қалалық, облыстық сондай-ақ, экономика мамандығын жетілдіру институттары ұйымдастырған семинарларға және көрмелерге белсене қатысып келеді.

Факультетіміздің тәрбиелік іс-шаралардан басты жетістігі болып, 8 наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Беу, қыздар-ай!» сайысында «Сыр сұлулары» тобының бас жүлдені жеңіп алуы болды. Топ мүшелері Қт-11 тобының студенті Фатуллаева Ұлбосын, Шт-12 тобының студенті Ниязбек Ұлдана, Пжп-12 тобының студенті Имамберді Ұлжан, Бпә-12 тобының студенті Асилбекова Ұлбазар, Қт-13 тобының студенті Саулетова Гаухартас өздерінің өнегелі өнерлері мен ұтқырлықтарын көрсетіп, 100 мың көлемінде ақшалай марапатқа ие болды.

Сондай-ақ, факультетіміздің белсенді студенттері Асықбаев Бағлан, Нұрсейіт Әбжан, Қонысбеков Атабек, Молдахмет Архад және т.б. ұйымдастыруымен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ғашықтар күніне орай кең көлемде концерттік бағдарлама ұйымдастырып, оны жоғары деңгейде өткізді.

Факультетіміздің ұйымдастыруымен университет көлемінде 7-мамыр - «Отан қорғаушылар» және 9-мамыр - «Жеңіс» күніне орай 5-мамыр күні «Қазақстан студенттер сарайында» мерекелік сазды кеш ұйымдастырылып өткізілді.

12-мамыр күні университетішілік «Жігіттер сұлтаны» байқауы өтті. Онда да факультетіміздің студенттері жүлдесіз қалмады. Байқауға факультетімізден төрт жігіт: Тар-12 тобының студенттері Әмре Жақсыбай, Асықбаев Бағлан, Пжп-12 тобының студенті Тоқсанбай Олжас және құқ-11 тобынан Қожамқұлов Тойлыбек қатысты. Өздерінің таңдай қақтырар өнерлерімен, ақылымен және күш-қайраттарымен көзге түскен біздің жігіттердің әрқайсысы да «Жігіт сұлтаны» деген атқа лайық екендігін көрсете алды. Әсіресе, Әмре Жақсыбай өзінің жан-жақты дайындалып, берілген тапсырмаларға жауапкершілікпен қарағандығының және өнері мен талантының арқасында 1-орынды иеленді. Ал Асықбаев Бағлан «Көрермендер көзайымы», Тоқсанбай Олжас «Тапқыр жігіт» және Қожамқұлов Тойлыбек «Жүйрікті жүгендеген жүректі жігіт» номинацияларымен марапатталды. Факультетіміздің мақтанышының бірі ретінде өнерлі студентіміз Нұрсейіт Әбжанды атамай кетуге болмайды. Ол университеттің «Сырдария kz» көңілді тапқырлар командасының белсенді мүшесі.

Сондай-ақ факультетте Бпә-12 тобының студенті Мәулен Нұргүлдың жетекшілігімен «Ақындар клубы» жұмыс жасайды. Онда болашақ ақын-жазушыларымыз Молдахмед Архад, Қаппар Ләзат, Асықбаев Бағлан, Жусипова Маржан, Ширинова Дильновоз, Мамберді Жанарыс, Қалдарбекова Сәуле, Сәулетова Гаухартас, Нарынбетов Мейіржан және Балтабек Динара шығармашылықтарын ұштай түсуде.

Факультет деканның ұсынысымен Шт-13 тобының студенті Керімхан Сабинаның жетекшілігімен «Ерке» бишілер тобы өмірге келіп, өнерлерін өз дәрежесінде көрсетіп келеді. Оған факультетімізді сымбатты да сұлу қыздары – Тиллабаева Мөлдір, Намен Ұлбала, Жусипова Маржан және Алтынбек Мақпал қатысады. Университет, факультет көлемінде ұйымдастырылған сазды кештерімізде «Ерке» тобының бишілері мың бұралып, көрермендер көзайымына айналып келеді.

Үстіміздегі жылдың 28 мамыр күні Шымкент қаласында ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі комитетінің әлеуметтік тапсырысы негізінде «Студенттік өзін-өзі басқару және дамуының одағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ЖОО-ның өзге ұлт өкілдері студенттерінің арасында ІІ республикалық студенттік «Бауыржан оқулары» сайысы өтті. Байқауға «Сырдария» университетінің «Гуманитарлық білім» факультетінің декан орынбасары, магистр-оқытушы Н.С.Файзиевтің жетекшілігімен төрт өзге ұлт студенті қатысып, жүлделі орындармен оралды. Атап айтсақ, Тарих мамандығының 2-курс студенті Тагаев Закіржан «Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді» номинациясы бойынша жүлделі І орынға, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3-курс студенті Ширинова Дилнавоз ІІ орынға ие болды. «Адал ұл ер боп туса – ел тірегі» номинациясы бойынша «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3-курс студенті Фатулаева Ұлбосын ІІ орынға ие болса, аталған мамандықтың 3-курс студенті Додожанова Махсад «Ел дегенде еміреніп» номинациясы бойынша ІІ орынды жеңіп алды. Студенттер диплом, сертификаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ия, осының барлығы төрт айдың көлемінде болып жатқан іс-шаралар. Болашақта да жоғары білім беру жүйесінде педагогикалық үрдісті сапалы ұйымдастыратын және ғылыми-зерттеу жүргізе білетін болашақ маманды дайындау мақсатында біздің факультеттің профессор-оқытушылары қалтқысыз қызмет етеді. Ал студенттеріміз өз еліне, туып өскен Мырзашөл еліне қызмет ететін білікті маман, өнегелі жас буын өкілдері болып жетілетініне сенемін. Олардың заманауи білім алып, ата-аналар аманатына адал болуға деген ұмтылыстары солай деуімізге кепілдік береді.


НҰРЖАМАЛ МОЛДАБЕКОВА
«Сырдария» университеті
«Гуманитарлық білім» факультетінің деканы,
педагогика ғылымдарының кандидаты


Ауданның жыл үздіктері анықталды


Басқа жаңалықтар