қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English













21.03.2012

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ НАУРЫЗ

Жеткіншек ұрпақтың бойына мәдени-имандылық құндылықтарын сіңіруге, ата-баба дәстүрін жаңғыртуға, ел бірлігін нығайтуға үндейтін Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамында ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеуді, мерекелік күнді жоғары дәрежеде атап өтіуді «Сырдария» университеті дәстүрге айналдырған. Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын университет ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Келер жыл елімізге оңтайлы, тоқшылық, берекелі де, мерекелі жыл болсын деген ниетпен әр факультет өздерінің дастарқан мәзірін дайындап, ұлттық ойындармен өздерінің концерттік бағдарламаларын көрсетіп, қыстан қысылып еңсесін көтерген қалың бұқараны ән мен жырға бөледі.

Дәстүр бойынша Наурыз мейрамын қарсы алуда әр факультет өздерінің концерттік бағдарламасы мен үздік дастарқан мәзірін дайындауда, ұлттық нақшы бар құндылықтарымызды дәріптеу бойынша сайысқа түсіп, факультеттерінің жетістері жайлы көрме ұйымдастырып, мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға бір кісідедей ат салысты. Сонымен қоса «Дене шынықтыру және спорт» факультеті күрес, шашка, шахмат т.б. спорт ойындарын ұйымдастырды.

Сайысқа университеттің барлық факультеттері белсен қатысты.
1. «Кәсіптік білім және өнер» факультеті
2. «Химия және биология» факультеті
3. «Математика және экономика» факультеті
4. «Гуманитарлық білім» факултеті
5. Ректорат және «Дене шынықтыру және спорт» факультеті
6. «Сыртқы бөлім» факультеттері Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын қарсы алуда бар ынта жігерімен атсалысты.

«Сырдария» университетінің осындай мерекелік кешіне қонақтар өздернің тартуларын алып келді. ОҚО мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Оңалбай Аяшев мерекелік тілегін білдірсе, өздерінің ән шашуларын алып келген ОҚО мемлекеттік педагогикалық иниститутының студент жастары Айгерім Жұмабек, Фахридинова Хадиша, Серіктегі Ерік жиналған жұртшылықты ән-жырымен сусындатты.

«Сырдария» университетінің «Армысың, Әз Наурыз» атты концерттік бағдарламасының сценарииі

«Жетісай саз» оркестрі
1-жүргізуші.

Ассалаумағалейкум, халқым менің
Ардақты наурыз тойы салтыңды елім
Мереке басы болсын берекенің,
Игі еңбектің жемісін бәрі тегін.
2-жүргізуші.
Шаттықтың бірге шалқып тасқынымен,
Жолықсын қариялар жас күнімен,
Үлгі алсын жалындаған жас ұрпақ,
Ежелгі ата-баба дәстүрімен!
1-жүргізуші.
Парсы, тәжік жұртынан бастау алған наурыз,
Тұрақ тауып Тұранда қоштау алған наурыз.
Сақ, үйсіндік заманнан ата дәстүр наурыз,
Көп көшпенді тайпамен аталас кіл наурыз.
Қызырға да, Баққа да есік ашқан наурыз,
Жеті жұттан құтылтар несіп ашқан наурыз.
Қыс қаһарын қайтарып, жуасытқан наурыз,
Қырда да ойда қар еріп су асыққан наурыз.
2-жүргізуші.
Мал баққанды жас төлмен қуандырған наурыз,
Асыл нәсіл жайымен жуандырған наурыз.
Суықтықты жылыға ауыстырған наурыз,
Қартты жаспен жайдары қауыштырған наурыз.
Дарқан пейіл, ниетті Ұлыс күнім наурыз,
Берекеге кенелткен ырыс күнім наурыз.
Даналардан ақ бата ағылдырған наурыз,
Қазы-қарта, жал-жая табылдырған наурыз.
1-жүргізуші.
Үрдісіңнен үр жаңа жаңылмайын, наурыз,
Кенендікте кем түсіп аңырмайын, наурыз.
Ашық болсын таңдарым, ашық болсын аспаным,
Ынтымақты қарттарым, тату болсын жастарым.

Қош келіпсің еліме берекенің бастауы әз, Наурыз!

2-жүргізуші. Абай білесің бе осы жер жүзіндегі халықтардың бәрінің де түрлі мейрамдары бар. Мәселен діни мейрам, ұлттық мейрам, мемлекеттік мейрам сияқты Шығыс халықтарының сондай ұлттық мейрамдарының бірі – Наурыз. Наурыз – бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланады.
1-жүргізуші.
Ия, Наурыз сөзі парсы тілінен енген «Нау» жаңа «Рыз» күн деген ұғымды білдіреді. Қазақстанда Наурыз мейрамы 1926 жылға дейін тойланады да тоқталып қалады. Тек 1988 жылдан бастап ресми түрде қайта тойлана бастады. Бұл мереке табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. Наурыз күн мен түннің теңелген күні. Көктемгі күн тоғысы наурыз айының 21-нен 22-не ауысқан түні болды. Осы уақыттан бастап күн ұзарып, түн қысқарады. 2-жүргізуші.

Халық наурыз мерекесіне алдын - ала дайындалады. Дәстүр бойынша үйге қос шырақ жағылады, ыдыстар ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл - тоқшылықтың белгісі. Табиғатпен байланыс күн Анаға деген тағзымнан көрінеді. Бұл күні бұлақтар тазартылып, ағаштар отырғызылған. "Бұлақ көрсең, көзін аш!", "Бір тал ексең, он тал ек!", деген сөз осыдан шыққан болу керек. Наурыз - достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дастарқанның басты асы наурызкөже болған. Наурызкөже жеті түрлі тағамнан жасалған. "Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!" деген сенім бар.
1-жүргізуші.
Алтын күні шуақ шашып аспаннан,
Жаңа жылым жыр думанмен басталған.
Ақ дастархан жайып қазақ төріне,
Ақ ниетпен үлкендерден бата алған.
2-жүргізуші.
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар,
Ұлы кісіден бата алсаң,
Сонда олжалы жол болар., - демекші олжалы да берекелі де, мерекелі де, жыл болсын деп ақсақалды
қариядан елімізге ақ батасын алсақ!
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Жетісай саз» оркестрінің жетекшісі, профессор Бөрі Иса ағамыздың елге деген ақ батасын алсақ.
1-жүргізуші.
Қазағым, наурызың құтты болсын,
Көтерген шаңырағың биік болсын.
Тілектері ұлтымның қабыл болып,
Жақсылығын бір Алла иіп тұрсын.
Наурыз тойы- ақ батаның бастауы,
Береке мен бірліктің жалғасуы.
Жеті түрлі қасиетті дәмменен,
Байтақ елдің бір толады астауы.
2-жүргізуші.
Жақындасып өткенге кеткенге енді.
Көктем келді балбырап, көктем келді.
Суық сорған жаныма шуақ құйған,
Осы еді ғой күткеніміз көптен бері,
Наурыз келсе құт келгені ағайын!
Есік ашып, шашу шашып,
Ел боп қарсы алайық
1-жүргізуші.
Наурыз қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген қыз балаларға Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, ер балаларға Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген есім берген.
2-жүргізуші.
Дұрыс айтасың Абай. Наурыз халықтың асыға күтетін мейрамы.
Бүгінде көктемді асыға күткен еліміз қызықты думан өткізуде. 1-жүргізуші.
Ақбілек олай болса, әннен шашу шашайық, қыстан шыққан еліміздің көңілдері бір көтеріліп қалсын. Башаров Ержігіт, Дәрменшейева Айнұрдың орындауында «Наурыз» әні
ОҚО мемлекеттік педагогикалық институтының «Өнер» факультетінің І курс студенті Айгерім Жұмабектің орындауында «терме»
1-жүргізуші.
Бәрі едің жоғалған қазынаның,
Төріне кел Наурызым, жазираның,
Ырыс әкел, құт әкел, бақыт әкел,
Мейрамысың сен ұлы Азияның!
2-жүргізуші. Ия Абай Наурыз ынтмақпен берекенің бастауы болған ұлы мейрам.
1-жүргізуші. Осындай ұлы мейрамда дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата - үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. 2-жүргізуші.
Абай олай болса, аға-апкелерімізді сахна төріне шақырып жастарға деген ізгі тілегін естейік.
«Сырдария» университетінің атқарушы ректоры Мамраимов Серік Дәулетұлы мен ОҚО мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Аяшев Оңалбай Аяшұлы мырзаларды құрметпен сахна төріне шақырсақ.
2-жүргізуші.
Алтын күні шуақ шашып аспаннан,
Жаңа жылым жыр думанмен басталған.
Ақ дастархан жайып қазақ төріне,
Ақ ниетпен үлкендерден бата алған.
Жаңа жылым келіп жетті аңсаған,
Басқа ұлттармен татулыққа жар салған.
Дәстүрімен мақтанамын елімнің,
«Мен қазақ!»- деп дүниеге жар салам.
1-жүргізуші.
Қазағымның жаңа жылы келгенде,
Елім менің қуанышта жүргенде.
Мендегі өлең тау суындай тасйды,
Қазағымның шаттық жүзін көргенде.
Наурыз келді ал тойлаңдар, жараңдар,
Келген мына мерекеге қараңдар.
Шашу шашып ақ жаулықты әжелер,
Тойда бүгін ойнап- күліп тараңдар! демекші бүгінгі
Ұлыстың Ұлы күні әз Наурыз мейрамына арналған мерекелік ән шашуымыз қабыл алыңыздар Шамсулин Мәліктің орындауында «Құстар қайтты» әні
ОҚО мемлекеттік педагогикалық институтының «Өнер» факультетінің І курс студенті Фахиридинова Хадишаның орындауында «Туған жер» әні
1-жүргізуші.
Кел, наурызым, шық төріме думандат,
Жұрт қарасын бейнетіңе қайран қап.
Табиғаттың тұмса шағы тамсантып,
Халқым да бір жадырасын сайрандап.
Кел, наурызым, самалыңмен еркелет,
Қырға шығар, жамағатты жетелет.
Бала біткен болып жүр ғой мәз-мәйрам,
Наурыз келген, көктем келген екен деп.
2-жүргізуші.
Ия көктем келгенде жас келiндер, бойжеткендер болса, кесте, орамал тiгiп, бозбалалар жағы ағаштан тұрмыс бұйымдарын жасап, темiрден сәндiк бұйымдарын соққан. Мұның бәрi - күн мен түн теңесетiн шақта кәдеге асатын «ұйқыашар», «селт еткiзер» жоралғыларының сый-тартулары.
Көктемгi «өлiара» өтiсiмен, ата-бабамыз үй айналасын тазартып, қалың қар тiгiсi сөгiлген жайылымға мал шығарған. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кiрсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сенiм бойынша, үй-iшiн де қағып-сiлкiп, отпен аластайды. Наурыз мерекесінде тек балдар емес, үлкендерде жас балаша қуанатын күн. Ауыл адамдары қырға шығып, ұлттық ойындарды ойнап, әуелетіп әнге салған.
1-жүргізуші.
Олай болса Ақбілек мерекелік көңілкүй сыйлайтын, жастарға кезек берейік. Алдарыңызда «Таңжарық» бишілер тобының орындауында «Шашу» биі
ОҚО мемлекеттік педагогикалық институтының «Өнер» факультетінің І курс студенті Серіктегі Еріктің орындауында «Сары бидай» әні
2-жүргізуші.
Ұлыс - жақсы тiлектер күнi. Араздасқандар төс қағысып, татуласады. Бұл күнгi қайын ата мен келiн, күйеу бала мен қайын ата арасындағы әзiл де жарасымды. Жастар алтыбақан құрып, тойдың сәнiн кiргiзедi. Бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiттерiне тартады. Бұл салт қазақта «ұйқыашар» аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер «селт еткiзер» рәсiмiн жасайды. Яғни қалауынша айна, тарақ, әтiр суын сыйлайды.
Айна - пәктiктiң, жастықтың, тарақ - әдемiлiк пен сұлулықтың, ал иiссу - жаңа бүршiгiн жарған жауқазындай құлпыр деген белгi.
1-жүргізуші.
Наруыз күнi думан-тойды аталарымыз наурызнама атаған. Ұйытқысы, әрине, - жастар. Содан болар, ән мен би, ойын-сауық түннiң бiр уағына дейiн созылған. Халқымызда «Ақ боран», «Қалтырауық қамыр кемпiр» ойындары бар. Онымен қатар бұл күнi наурыз жыр, наурыз жұмбақ, наурыз айтыс, түрлi әзiл-қалжың, мадақтау өлеңдерi айтылады.
Сең жүредi көктемде астан-кестең,
Ақ атанның бауырын арқан кескен.
Ұлы күнi ұлыстың бас қосқанда
Өлеңiңдi айт, құрбыжан қатар өскен,
- деп, қос-қостан жұптасып, айтысқа түседi.
2-жүргізуші.
Абай біз мерекелік іс-шарамызды бастамас бұрын әділ қазы алқаларымен таныс болайық. Бас төреші, «Жеті сыр» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, жазушы, журналист Жаппар Ғаппар мырза.
1-жүргізуші.
Мүшелері:
1. «Кәсіптік білім және өнер» факултетінің «Музыкалық білім» кафедрасының профессоры, «Жетісай саз» оркестрінің жетекшісі Бөрі Иса.
2. «Гуманитарлық білім» факултеті «Педагогика және психология» кафедрасының оқытушысы Өтегенова Орынкүл ханым.
3. «Химия және биология» факультетінің профессоры, химия ғылымдарының кандидаты, доцент Ибрагимов Шыназбек мырза.
4. «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі Төребеков Біржан мырза.



Басқа жаңалықтар




Біздің мекен-жайымыз:
160500, Түркістан облысы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі, 11.
Телефон: 8(72534) 6-14-63, 6-14-27
Факс:        8(72534) 6-14-63, 6-20-08
E-mail:      sirdariya@mail.ru



© sirdariya.kz, 2005-2019
free counters
^ Жоғары шығу