қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English

6.01.2017

"СЫРДАРИЯ" УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МҰРАЖАЙЫ – МЫРЗАШӨЛ ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІНІҢ АЙНАСЫ

Қай заманда болмасын адамзат тарихының күретамыры – мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекетінен туындайтын материалдық құндылықтар болып табылады. Бұл тұрғыда тарихи-мәдени құндылықтарымызды қаз-қалпында сақтап, ел болашағы – өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында жұмыс істейтін мұражай қызметінің үлкен мәні бар. Кез-келген елдің, оның ішінде кешегі кеңестік кезеңде тарихы коммунистік идеологияның қысымымен бұрмаланып, тар таптық қана емес, сондай-ақ еуроцентрлік, ресейцентрлік көзқараспен жазылып, "өркениетсіз", "тек малдың соңынан көшіп-қонып жүрген көшпенді", "жабайы" атанып келген қазақ халқы үшін де өз тарихы мен мәдениетінің байлығын, елдігінің сайлығын айқын көрсететін, адам бойында елдік пен патриоттық сезімді оятып, тәлім-тәрбие беруде маңызды роль атқаратын мұражайлардың маңызы зор болмақ.

Еліміздегі алғашқы мұражай 1831 жылы Орынборда Неплюев әскери училищесі жанынан ашылған. Қазақстанда 1913 жылы – 3, 1927 жылы – 6, 1937 жылы – 19, 1939 жылы – 25, 1970 жылы – 29 мұражай болса, қазіргі таңда мұражай саны 154-ке жетті және олар ешқашан көптік етпейді. Жақында Мақтарал ауданының орталығы Жетісай қаласында орналасқан, өңір жастарын білім нәрімен сусындатып, шын мәнінде Мырзашөлдің рухани қазынасына айналып отырған "Сырдария" университетінде тағы бір мұражай ашылды. Мұражайды ашуға Оңтүстік Қазақстан облысының Туристік ақпарттық орталығының директорының орынбасары қызметін атқарушы Нұрымбетов Азамат мырза және Мақтарал аудандық Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Толыбаев Данияр мырза арнайы келіп қатысып, мұражайдың лентасын қиды және жиналған көпшілікке мұражай туралы өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Мұражайды мұқият аралап көрген олар дән риза болып, мұражай ісіне алдағы уақытта сәттіліктер тіледі.

"Сырдария" университетінің мұражайы негізгі бағыты тұрғысынан кешенді мұражайға жатады, яғни мұнда тарихи да, шаруашылық та, университетке қатысты да құнды материалдар жинастырылған. Мұражай үш бөлімнен тұрады. Мұражайға кіргеннен кейінгі алғашқы бөлмесінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздерінен бастап, Мақтарал ауданы картасының макеті, "Сырдария" университеті, оның жекелеген факультеттері туралы мәліметтер, университеттің әр жылдардағы жеткен жетістіктері, жеңімпаздардың кубоктары қойылған. Бұл бөлмеде әсіресе Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Мақтарал ауданына (1998, 2005) және соның ішінде "Сырдария" университетіне (2005) арнайы келген фотосуреттері ерекше көзге түседі. Бұл көріністер жұртшылыққа Ұлт Көшбасшысының табаны тиген ауданымыздағы бірден-бір жоғары оқу орнының қадір-қасиетін арттыра түскендей әсер қалдырады.

Мұражайдың сол жағындағы келесі бөлмесі Мақтарал ауданының мақта шаруашылығының қалыптасуы мен дамуына арналған. Мұнда Мырзашөл өңірінің игерілгенге дейінгі және игерілу кезеңдері, "Достық" каналының салынуы, ауданның басшылары мен Еңбек Ерлері, аудандағы мақта шаруашылығының дамуының кезеңдеріне қатысты тарихи маңызы зор фотосуреттер мен құжаттар қойылған. Оларды көре отырып, ата-бабаларымыздың "Достық" каналын кетпен-күрек қана алып, өз қолдарымен қазған ауыр бейнетіне, таң бозынан қас қарайғанға дейін тынбай еңбек етіп, шөлстанды гүлстанға айналдырған ерен ерлігіне, еңбексүйгіштігіне еріксіз қайран қаласыз. Қайран қаласыз да, осындай бақытты өмірге жеткізген олардың еңбекқорлығынан үлгі аласыз.

Мұражайдың төргі жақтағы үшінші және негізгі бөлмесі – Мырзашөл өңіріндегі ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына арналған. Мақтарал ауданының орталығы Жетісай қаласынан 30 шақырым солтүстік-шығыста, "Үтірлі" ауылынан 12,1 шақырым солтүстік-батыста, Сырдария өзенінен 2 км оңтүстікте, Сырдарияға құятын Сорөзек саласының жағалауында орналасқан ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы бұрын Қазақстан археологтары тарапынан арнайы зерттелмеген тарихи нысан болатын. Бұл Мақтарал ауданы 1963-1971 жылдары Өзбекстан Республикасына қарағандықтан, Ю.Ф. Буряков бастаған өзбек археологтары 1971 жылы зерттегенімен, Қазақстан археологтарының зерттеу аясынан тыс қалған, тіпті Қазақ Совет энциклопедиясы, Археологическая карта Казахстана (Алматы, 1960), Свод памятников истории и культуры Казахстана в Южно-Казахстанский область (Алматы, 1994) атты іргелі басылымдарға да кірмей қалған қала болатын. Бір шетін су шайып көлемі жылдан-жылға кішірейіп бара жатқан апатты жағдайдағы бұл қалаға алғаш назар аударып, зерттеуді қолға алған "Сырдария" университеті (Президенті Е.Сейілова) болды. Университеттің қаржыландыруымен оның С.Н.Апашева және М.Б.Мейірбеков бастаған профессор-оқытушылары мен студенттерінен құралған "Мырзашөл" археологиялық экспедициясы 2004 жылы (жетекшісі т.ғ.к., археолог М.Қасенов) және 2009, 2010, 2014, 2015 жылдары және биыл (жетекшісі университет профессоры, "Археолог" ЖШС директоры, т.ғ.д., профессор М.Елеуов) ортағасырлық Ұтырлы (Үтірлі) қаласына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы археологиялық қазба барысында табылған мол тарихи құнды жәдігерлер: әр түрлі формадағы түрлі қыш ыдыстар (хұмдар, құмыралар, құтылар, құмғандар, сырлы табақшалар, дастархандар, шырағдандар, сынапкөзелер, қазан сынықтары, т.б.), тастан (диірмендер, ұршық бастары), металдан (темір үзеңгі сынығы, қылыш сынығы, пышақтар, жебе ұштары, күміс және мыс теңгелер) жасалған тұрмыстық бұйымдар т.б. университет мұражайына көрік беріп тұр. Көздің жауын алар бұл тарихи жәдігерлерді көрген кез-келген адам Мырзашөлдің және оның негізгі бөлігі Мақтаралдың тарихы кешегі мақта шаруашылығына қатысты оман-арықтардан ғана басталмайтынына, оның тарихы тым ертеден бастау алатынына және қалалық мәдениеті, шаруашылығы мен саудасы гүлденіп дамыған байсын өңір болғанын көзі анық жетеді.

Мұражай – халық тарихы мен мәдениетінің айнасы. "Отан – отбасынан басталатынын" ескерсек, өз ауылымызда ашылған университет мұражайы алдағы уақыттарда Мырзащөл азаматтарын, әсіресе жас ұрпақты елдік пен патриоттық сезімге тәрбиелей беруге қызмет ететін болады. Ендеше, сүйінші ағайын! Мырзашөлдің рухани қазынасына айналған "Сырдария" университетінің мұражайы құтты болсын және ол халқымыздың рухани қажеттілігін өтеуге қызмет ете берсін.


Мейірбеков Мырзабай Балтабайұлы
Тарих ғылымдарының кандидаты,
"Сырдария" университетінің доценті


«Нұрлы жол» - нұрлы болашақ бастауы. Мақала

Сұреттер: Мұражай 2016 ж. Мұражай 2015 ж. Мұражай 2014 ж. Мұражай 2013 ж.


Басқа жаңалықтар





Платон жуйесі

Бітіруші тyлектер

университетінін электронды кітапханасы

Фотогалерея

Археология

7 СЫР газеті

Сыбайлас жемкорлыкка карсы іс-кимыл

ПнВтСрЧтПтСбВс


free counters







Біздің мекен-жайымыз:
160500, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі, 11.
Телефон: 8(72534) 6-30-00, 6-34-03
Факс: 6-34-03, 6-14-63
Е-mail: sirdariya@mail.ru

2016 © www.sirdariya.kz
^ Жоғары шығу