қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English

5.10.2016

ҚОЙНАУЫ СЫРҒА ТОЛЫ ҚҰТТЫ МЕКЕН

Көне тарихтың талай қатпарларын басынан өткерген, І Дарий, Александр Македонский, Ақсақ Темір сияқты құдіретті жаһангерлердің жорықтарын, қазақ-бұхар соғыстарын көріп, Есім хан баһадүрлерінің табаны тиген, Ұлы Жібек жолының бойында жатып, ежелгі замандардан-ақ шаруашылығы мен саудасы қыз-қыз қайнаған өзіміздің туып-өскен қасиетті өлкеміз – Мырзашөл жері қаншама бізге беймәлім сырларды қойнына бүгіп жатыр десеңізші! Биылғы археологиялық зерттеу барысында сол сырлардың кейбір ұшығын аңғарғандай болдық.

2016 жылғы қыркүйек айында Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданының орталығы Жетісай қаласынан 30 шақырым солтүстік-шығыста, "Үтірлі" ауылынан 12,1 шақырым солтүстік-батыста, Сырдария өзенінен 2 км оңтүстікте, Сырдарияға құятын Сорөзек саласының жағалауында орналасқан ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласында жыл сайын жүргізіліп келе жатқан археологиялық зерттеу жұмыстары өз жалғасын тапты. Ол "Сырдария" университетінің (Президенті Есенкүл Сейілова) мұрындық болуымен және толықтай қаржыланландыруымен жүргізілді. Археологиялық зерттеу жұмыстарын "Археолог" Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, т.ғ.д., профессор М. Елеуовтің жетекшілігімен Сырдария университетінің "Отан және шетел тарихы" кафедрасының С.Апашева, М.Мейірбеков бастаған профессор-оқытушылары мен студенттерінен құралған "Мырзашөл" археологиялық экспедициясы жүргізді. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері С. Есенов ғылыми жұмыстарды үйлестіруге атсалысты.

Археологиялық зерттеу барысында ескерткіштің тарихи мәдениетін анықтау мақсатында ортағасырлық қаланың шахристан және рабад бөліктерінде үш жерден қазба салынып, нәтижесінде қала өмірінің соңғы кезеңін айғақтайтын құрылыс нысандары ашылды. Ол аршылған жерлерден әр түрлі формадағы түрлі қыш ыдыстар (құмыралар, құмған, сырлы табақша, дастархан, шырағдан, сынапкөзелер, қазан сынықтары), тастан (ұршық басы), металдан (темір үзеңгі сынығы, пышақ, жебе ұштары) жасалған тұрмыстық бұйымдар т.б. құнды тарихи жәдігерлер табылды.

Биылғы зерттеу жұмыстарының бұрынғыларынан басты бір ерекшелігі – ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласының төңірегінде осы қаламен байланысы бар орындарды және жалпы өңірдің көне тарихи ескерткіштерін анықтау, жаңа деректер алу мақсатында археологиялық барлау жұмыстарының жүргізілуі болды. Барлау жұмыстарын жүргізуге Мақтарал аудандық мақта шаруашылығы мұражайының директоры, өңір тарихына жанашыр азамат Тәжібекеев Асқар мырза белсене атсалысты. Барлау барысында Мырзашөл өңіріне белгілі, қазіргі таңда табиғи апаттан бұзылып жатқан Асықата кесенесінің орнына барып, оның қазіргі жағдайымен таныстық. Кесененің аумағы үлкен екен: оның құрылысының қалдықтары 50х50 шаршы метр аумақты алып жатыр. Кесененің жанында мазарат-қорым бар екен, онда жерленген адамдардың басына қойылған көктастары шашылып жатыр. Қорымның аумағы айтарлықтай үлкен: қазіргі сақталған көлемі 2 гектардан аса жерді алып жатыр, кезінде 3-4 гектар жерді алып жатқан болуы керек. Осы кесененің оңтүстігінде 1 шақырым жерден бұрын есепке алынбаған көне елді мекеннің (оны Асықата елді мекені деп атадық) орнын таптық. Онда да құрылыс қалдықтары, кірпіш, қыш ыдыстар сынықтары шашылып жатыр. Жалпы, Мырзашөл өңірінде дарияның толқындары шайып кеткен немесе түбі терең көлдердің астында қалған көне қалалар, кесенелер көп болуы мүмкін. Соның бірегейі осы – Асық Ата кесенесі. Белгілі зерттеуші Мырзантай Жақып өзінің "Мырзашөлім – мырза елім" деген еңбегінде: "Ежелгі зерттеушілердің архив қойнауында жатқан қазыналы еңбектерін іздеген сайын көз алдымызға Жиделі-Байсындағы Мырзашөл мен Қызылқұмның төскейін гүлдендірген ертедегі Ұзын Ата, Асық Ата секілді ескі қалалардың аспанмен таласқан биік-биік мұнаралары елестей береді. Асық Ата дегеніміз – халықтың айтуынша, әулиелі кесене екен. Ұзын Ата сияқты Асық Ата да кезінде ажары кіріп, базары тарқамаған ертедегі үлкен шаһарлардың бірі болуы ықтимал" - деп жазады. Оның айтуынша, мұнда 1917 жылға дейін Асық Ата мешіті де жұмыс істеген екен. Кесене мен мешіт Самарқан облысының Қожент уезіне қарасты Иіржар болысының Ақтөбе әкімшілік ауылының аумағында болған. Асық Ата кесенесі кешегі 60-70 жылдары Шардара су қоймасы салынған кезде соның астында қалыпты. Оның айналасындағы зираттар мен бұрынғы Асық Ата мешітінің ғимараты да соның күйін кешкен.

Осы археологиялық барлау барысында темір дәуірінен (сақ, қаңлы заманы) қалған обаларды таптық. Мысалы, сондай обаның бірін Ш.Ділдәбеков атындағы ауылдық округінің "Жағажай" елді мекенінің оңтүстігінен кездестірдік. Обаның биіктігі 3 м, диаметрі 40 м. Обаның үсті өткен ғасырдың 50-80 жылдары аралығында жерленген грек ұлты өкілдерінің моласына айналыпты.

Археологиялық барлау келесі күні Сырдарияның оң жағалауында жалғасын тапты. Оң жағалауда көне дәуір обалары көп екен, әр жерден 5 үлкен обаны кездестірдік. Барлауды жалғастырсақ бұл сан одан әрі өсе түсеріне күмән жоқ. Тағы бір маңызды жаңалық, сондай бір көне заман обаларының бірінің үстіне орта ғасырларда Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласының қарауыл мұнарасы орналастырылғандығын анықтадық. Бұл қарауыл мұнарасы қаланың солтүстік-шығысында 6,2 шақырым қашықтықта Сырдария өзенінің оң жағалауындағы жардың үстіне орналасқан екен. Сырдария өзенінің шетінде 50 метрдей биік жарқабақта орналасқан бұл обаның үштен бірін су шайып құлатқан. Обаның биіктігі 3,5 метр, диаметрі 30 метр. Айналасындағыларға қарағанда ең биік төбеге орналасқан бұл қарауыл мұнарасынан қарағанда Үтіртөбе алақандағыдай көрінеді екен. Осы жерден егер жау келе жатса, от жағылып, қалаға белгі (сигнал) берілетін болған. Бұл обаға қазба жүргізілді. Обаның жоғарғы бөлігіндегі қалың күл қабаттары оның орта ғасырларда қарауыл төбе болғандығын айқын көрсетеді. Сондай-ақ обаның төменгі жағынан адамның бас сүйегінің қалдығы мен темір пышақ табылды. Сірә, оба кезінде тоналған болуы керек. Обаның дәл төбесінен солтүстік бағытта төменге қарай шамамен ені 1 метр, ұзындығы 9 метрдей ордың ізі байқалады. Ол сірә, дәліз қызметін атқарса керек. Ал дәліздің аяғында көне құрылыстың ізі байқалады. Бұл қарауылдың баспанасы болуы керек. Егер жаудың қарасы байқалса, қарауыл дәлізбен жоғары көтеріліп, төбеге егер күндіз болса түтін шығарған, ал түн болса алау жаққан. Обаның дәл төбесінде көлемі шамамен 2,5х2,5 метр, тереңдігі 1 метрдей ойық бар. Күл қабаттары табылған осы ойық жер от жағып белгі беретін орын болған. Ойық болу себебі – отты өшірмей, желден, жауын-шашыннан пана болу үшін істеген болуы керек. Осы қарауыл мұнарасынан шығысқа қарай 6 шақырымдай жерде, Сырдарияның жағасындағы биік төбеден екінші қарауыл төбенің орны табылды. Оның да биіктігі 3,5 метрдей, ал диаметрі 28 метр. Бір қызығы бұл екі қарауыл төбенің бір-бірінен арақашықтығы да, Үтіртөбе қаласынан арақашықтығы да 6 шақырым болып, үшбұрыш құрайды. Біздің ойымызша, Үтіртөбенің оңтүстік және батысында да қарауыл мұнаралары болуы мүмкін және олар Сырдарияның сол жағалауындағы биік төбелерге (мысалы, "Жағажай елді мекені бойында) орналасуы ықтимал.

Сонымен, биылғы ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына жүргізілген археологиялық зерттеулер мен барлау жұмыстарының нәтижелері біздің кең-байтақ Отанымыздың бір пұшпағы болып табылатын – Мырзашөлдің тарихы кешегі мақта шаруашылығына қатысты оман-арықтардан ғана басталмайтынын, оның тарихы тым ертеден бастау алатынын және қалалық мәдениет гүлденіп дамыған өңір болғанын көрсетеді.

Мырзабай МЕЙІРБЕКОВ
Тарих ғылымдарының кандидаты, "Сырдария" университетінің доценті


Ортағасырлық Үтіртөбе қаласының құрылыс орындары
Профессор М.Елеуов Үтіртөбеден табылған жәдігерлермен таныстыруда
Асықата кесенесінің құрылыс қалдықтары
Асықата мазарындағы көктастар Үтіртөбенің қарауыл мұнарасы


Басқа жаңалықтар

Орта ғасырлық Үтіртөбе" (VII-XII ғ.ғ.) қаласы





Археология

Платон жуйесі

Бітіруші тyлектер

университетінін электронды кітапханасы

Фотогалерея

7 СЫР газеті

Сыбайлас жемкорлыкка карсы іс-кимыл

ПнВтСрЧтПтСбВс


free counters







Біздің мекен-жайымыз:
160500, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі, 11.
тел.: 8(72534) 6-30-00, 6-34-03
факс: 6-34-03, 6-14-63
e-mail:sirdariya@mail.ru

2016 © www.sirdariya.kz
^ Жоғары шығу