қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English
Біздің ғалымдар. 7сыр, №47 (290) 29.12.2014 жыл, 4-ші бет

Сөз өнерінің жанашыры

«Бүгінде көркем әдебиет оқылмайды. Оның қадір-қасиеті кеміді. Материалдық байлық алдыңғы кезекке шықты. Рухани байлық кейінге шегерілді». Мінеки, осындай ой-тұжырымдар, ұғымдар бүгінгі қоғамда еркіндеу тыныстап тұрғаны рас. Бұған дау айтып, таласудың да қажеті шамалы. Шындығы да бар. Объективті, субъективті себептері де жеткілікті. Қазірде жаңа технология өміріміздің сан-саласына еніп кетті. Компьютер, үялы телефон, планшет, ғаламтор, тағы тағылар. Бәрі де керек. Бәрі де қажеттіліктен туындап отыр. «Компьютерден бала-шаға көз ашпайтын болды. Аңдығаны- компьютер» деген сөз ендігіде аздау естіле бастады. Өйткені қазірде балалар, жасөспірімдер компьютерді, ұялы телефонды және осы секілді заманауи технология құралдарын білім алу, тану, үйрену, тағылым алу, оқу үшін пайдалана бастады.

Көркем әдебиет те жоғарыда аталатын технология экрандарына көшіп үлгерді. Бұл енді бүгінгі уақыттың жемісі. Жеңісі де. Қажетті кітаптарды іздеп, әуре болмайсың. Кітапханалардың есігін ашып тоздырмайсың.

Керекті кітапқа сүраныс жасап, тиісті түймешелерді бассаң болғаны, көркем әдебиет те, өзғе оқулықтар да экран төрінде жарқ етеді. «Жасасын жаңа технология заманы!» дегің келеді осындайда баяғы кеңестік заман мақамымен алақайлап. Рас, заман да, адам да түбегейлі, түпкілікті өзгерді. Көркем әдебиет те оқыла бастады. Өйткені көріп жүрміз. Жоғары оқу орнында дәріс бергендіктен, студент жастардың көркем әдебиетті қалта телефон, компьютер арқылы бұрынғыдай бас алмай оқып жүргендерін сезіп те, түйсініп те жүрміз. Біздің айтпағымыз да осынау көркем әдебиет жайлы. Мақала кеиіпкері де саналы ғұмырын сөз өнерінің ең биігі саналған көркем әдебиеттің шынайы жанашыры. Нағыз насихатшысы. Жанымен де, тәнімен де осы саланың көсегесі көгеріп жүрсінші деген ізгі тілектің тұлғасы.

Абенова Ләззат Усманқызы бүгінде Қазақ елінің ең қиыр оңтүстігіне орналасқан қасиетті Мырзашөлдің жер жаннаты атанған Жетісай шаһарында тыныс-тіршілік етеді. Осы мекендегі 15 жылдық бай тарихқа ие болып үлгерген «Сырдария» университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті. Жоғары ғылыми мектептің директоры. Ғылыми кеңестің ғалым- хатшысы.

Ләззат Усманқызы «Сәбит Мүқанов поэмаларының тақырыптық және жанрлық ерекшеліктері» тақырыбы бойынша 2010 жылы Алматыдағы әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертациясын ойдағыдай қорғаған айтулы ғалым-ұстаз.

Көркем әдебиет бойынша лекция, семинарлар, әр алуан деңгейдегі конференциялар, танымдық, тақырыптық, мерейтойлық әдеби кештерді өткізумен біргелікте, оның жүйелі ері мақсатты түрде насихатталуына, оның әрбір жас жүректер арқылы өтуіне қамқор болып жүргендігін де біздер жақсы білеміз.

- Көркем әдебиетті оқыту керек. Соған дағдыландыру қажет. Сол үшін айтулы қаламгерлердің, көрнекті ақын-жазушылардың шығармаларын талдатқызуға тиіспіз, - дейді де, осынау міндеттерді жүзеге асырумен ерекшеленетінін де көріп, байқап жүрміз. Өйткені ұстаз-ғалым біздің еріптесіміз. Замандасымыз. Күн сайын дерлік оқу жылы барысында етене араласып жүрген кесіби серіктесіміз.

- Шынында да жақсы болды. Біздер өткен оку жылы ішінде талай-талай керкем әдебиеттермен таныстық. Тобымызбен бірлесіп, бірқанша көркем туындыларды оқыдық. Талдадық. Пікірлестік. Сахналастырдық. Окуға, нақтырақ айтқанда, кітап оқуға деген қызығушылық пайда болды. Кітап деген жақсы екен ғой. Былайша айтқанда, көзің ашылады. Көзқарасың да жетіле түскендей. Айналаға басқаша қарағандай сезінесіз. Мен соны байқадым, - деді көп санды шәкірттерінің бірі өз ойымен бөлісіп.

Әрине, студенттердің бәрі дерлік көркем әдебиетті өздеріне серік етеді деуден аулақпыз. Біреу болса да, бірнешеуі болса да, көркем әдебиеттің мәні мен маңызын түсінсе, оны өмірлік дағды түтса, әрине, бүлдаүлкен мерей. Жақсы-ақ жетістік. Өйткені жас жеткіншектер бойына жағылған от, түсірілген сәуле келешекте өзінің жалғасын табарына сене түсесіз. Төккен тер, жұмсалған қайрат тегін болмағанына иланасыз. Ұстаз- ғалымның үміті де сол емес пе?! Лөззат Усманқызының сөз өнері - көркем әдебиеттің туған тіліміздің заңдылықтарына сай түсіндірілуін, сауатты жазылуын және буларды өзгерлердің де орындауын қатаң түрде талап ететін ерекше қасиеті бар. Бастапқыда, әрине, бұндай талап қатқылдау секілді көрінетіні де бар. Әйтсе де, бұны туған тіл мен оның көркем әдебиетіне деген шынайы жанашырлықтан, кәсіби жоғары біліктіліктен туған жоғары жауапкершілік екендігін бірте-бірте сезіне бастаймыз. Әділі керек, елдің әлеуеті оның экономикасына тікелей қатысты болса да, оның халқының рухы мықты болмаса, ішкі өзегінен айрылары хақ. Мұндай ел-жұрттын келешегі де бұлдыр. Күңгірт. Бұны ата-бабаларымыз, күні кешегі алаш арыстары айтудай-ақ айтып өткен. Кейінгіге аманаттаған да. Сол міндет үдесінен шығу үшін бүгінгі урпақ көк көйлек пен көн етікті киюге қаншалықты әуес болса, туған тілдің, оның көркем әдебиетінің ежелгі және заманауи нұсқаларымен «танысуға, білуге, өз бойына дарытуға деген құлшынысы, ынта-ықыласы соншалықты табиғи болуға тиіс дегеңіз келеді осы орайда.

- Біздің қазақ әдебиеті өте бай. Қай кезеңін алсаңыз да солай. Күні кешегі кеңестік әдебиетте қасаң да қатал талаптың бояғанына қарамастан, бұл бағытта дүниеге келген классикалық туындылар қаншама дерсіз. Көне түркі әдебиеті ше? Ежелгі әдебиеттің мүралары ше? Келер жылы Қазақ хандыгының 550 жылдығы мемлекеттік деңгейде тойланғаны жатыр. Осы дәуірдегі жыраулар әдебиетінің өкілдері жырлаған туындылардың тағылымы бүгінде де өте жоғары. Заман, уақыт, адамгершілік, оқу, білім, өнегелі тәрбие, сыйластық, дүние көші жайлы айтқан төбе билеріміздің, ондаған жырауларымыздың сара сөздері ғажап. Керемет. Осылардың бәрін де біздер, әдебиетші- оқытушылар, ата-аналар бүгінгі ұрпақтың санасына дарытумыз керек. Қазақ әдебиеті тарихынан нәр алған ұрпақ саналы, адамгершілігі мол жан болып өсетініне еш күмөнім жоқ,-дейді ғалым-ұстаз.

Университеттің аудиториясында, оның әр түрлі дәріс залдарында өтетін көркем әдебиетке байланысты сағаттарда бүгінгі студент-жастардың білімге деген зейінін, көңіл ауғанын жақсы аңғарасыз. Ұстаз - ғалымның талапшыл іс-әркетін де пайымдайсыз. Және де осынау талаптар тізбегі мақсаткерлікпен ұштасқанын да түйсінесіз.

Болашақ жас маман өз пәнін сүюі керек. Белгілі бір деректерді, мәліметтерді жаттап қана қоймай, сол цифрларға жан бітіруге тиіс. Қаз- қатар тізілген сандардың өзі тыңдаушысының тамырына қан жүгіртіп, санасына сәуле дарытқаны жөн. Әрбір ақын-жазушы өзгеше бір әлем. Сол әралуан эстетикалық, танымдық психологиялық тарихи дүниені дұрыс тани білсе, әрбірінің түсінік-танымы туған елінің тағдырымен өзектес болады. Бүндай мамандар ел-жұртына өгей көзқараста болмайды. Соны білгейсіздер, - дейді ғалым-ұстаз жас ұрпаққа тәлімгерлік бағыт ұстана.

- Сондай-ақ, - дейді Леззат Усманқызы, - білікті маман болу аздық етеді. Өмірді менді, мағыналы етіп өткізу - таңдап алған мамандығың өзіңе айрықша рухани, моральдық азық сыйлауға тиіс.

Сонда ғана мамандығың жеке еміріңе рахат дарытады. Көңілді көншітеді. Рас, бүл сөздің жаны бар. Сенесіз. Иланасыз.

Педагогикалық-ғылыми және қоғамдық жұмыстар үдерісінде ғалым-ұстаздың ұстанымы біреу-ақ, ол, бүгінгі шәкіртің өз мамандығына адал болуы. Сол үшін де студент-жастардан бүтінде сұраныстың өте жоғары екендігін өрдайым талап етеді.

Бүгінгі білім саласындағы талап пен сұраныстың осы деңгейден көрініп жүргені заңды да. Өйткені, білікті маман болмай, сапалы білім алмай, шынайы диплом иегері атана алмайсыз. Бүгінде жоғары оку орнын бітіру аздық етеді. Кәсіпті игеру бүкіл ғұмыр бойы жалғасатын үдеріс екендагін ескерген жөн. Оны бүгнгі «Сырдария» университіндегі бакалавр, магистр секілді білім алудың тізбекті көрінісінен байқауымызға болады.

Ғалым-ұстаз бүгінде ғылым жолын ерікті түрде таңдап алған магистранттарға ойдағыдай басшылық жасауда. 10-нан астам магистранттарға жетекшілік етуі - сөзіміздің дәлелі. Ләззат Усманқызы Оңтүстіктің түлегі. Қазіргі Мақтаарал ауданында «Асықата кентіндегі «Жеті қазына» ауылында дүниеге келген. «Сырдария» атындағы орта мектепті үздік бітіріп, 1983-1988 жылдары Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алған. Филология факультетін тәмамдаған.

Өзінің еңбек жолын 1988 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтында бастады. 1989-1996 жылдар арасында Мухтар Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы болып жұмыс жасады.

1996 жылдан бері Қожа Ахмет Иассауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінде, 1998 жылдан бастап «Сырдария» университетінде аға оқытушы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, Ғылыми кеңес хатшысы болды. 2010-2013 оқу жылдарында «гуманитарлық білім» факультетінің деканы қызметтерін атқарды.

Кәсіби білікті мамандарды әзірлеуде, студент-жастардың рухани тұрғыда жетілуінде жеке өнегелік-тәрбиелік мәдениетін арттыруда, Ұлттық рухын оятуда, көптеген игілікті істер мен олардың ғылыми-зерттеу ісінде іздене білу қабілеттерін дамытуда нақты жетістіктерге жетті.

Атап айтқанда, түрлі байқауларға қатысқан студенттері республикалық конкурстар мен жарыстарда жүлделі орындарды иемденді. Мәселен, студент А.Молдахмет 2013 жылы мамыр айында Тараз қаласында өткен республикалық «Бауыржан оқуларында» жүлделі 3-орынды иеленді. Ал студенттер Д. Ширинова, Ұ. Фатуллаева, М. Дадажанова 2014 жылы 28 мамырда Шымкент қаласында өткен республикалық «Өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілдегі Бауыржан оқулары» байқауында жүлделі 2- орынмен марапатталды.

Ғылыми ізденістері де жемісті. 30-дан астам ғылыми мақалалары, 1 ғылыми монографиясы, 15 оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді. Бірнеше халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда баяндамалар жасады.

Сәбиттану мәселелері бойынша ізденістері өз жалғасын табуда. Рас, қазақ халқының сөз өнеріне айтулы үлес қосқан атақты жазушының әдеби-көркем бай мурасы осы уақытқа дейін қаншалықты мол зерттелсе де, әрбір ұрпақ, әрбір заман өзіндік тұрғыдан баға беріп, көркемсөз шеберінің қаламгерлік қуатына әлі күнге дейін тәнті болуда. Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиетіне қосқан тақырыптық, жанрлық, шеберлік қырлары әлі де зерттелуде.

Ғалым-ұстаз білікті мамандарды даярлау ісінде жоғары оқу орнында өтілетін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту әдістемесіне де ерекше мән береді. Сабақ өту-оқушыларға сапалы білім берудің бастауы. Осы аталмыш пәндерді орта мектептерде белгілі бір білім стандарттары мен бағдарламаларға сай оқытады.

Тіпті, сол бөлінген сагаттарды қай сыныптарда қанща сағат өтілуі керектігін әрбір болашақ маман өз зердесінде сақтап қалуын жөн деп санайды. Сондай-ақ, әрбір жазушы яки ақынның өмірбаяны, көркем шығармалары, қай туындысы қай сыныптарда өтілетінін де құр жаттап алмай, сергек көңілмен, жүректен өткізе білуді қажет деп табады. Бұл, әрине, ұстаз-ғалымның педагогикалық-тәжірибелік ұстанымынан туған өзіндік тұжырымдамасы әрі ақыл-кеңесі деп ұғамыз біз.

- Қазақ тілі мен әдебиет пәні - әрбір болашақ маманнан туған тіліміздің сөздік қоры басқа пәндер бойынша маманданатын студенттерге қарағанда жоғары әрі табиғи. Солай десек те, біздер болашақ тіл мен әдебиет мамандары үшін айтулы қаламгерлердің туындыларын жатқа, мәнерлеп айта білуі үшін де сұранысты күшейтуіміз керек, - дейді Ләззат Усманқызы.

Қазірде елімізде туған тілге, оның көркем әдебиетіне ерекше көңіл бөлінген. Төл тіліміздің мәртебесі биіктегеніне ешкім де күмән келтіре алмайды. Бүгінде жоғары оқу орындарында мамандық түрлеріне қарамастан «Мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу», «Кәсіби қазақ тілі» дәрістері өткізіледі. Ендігінде жоғары оқу орындарының бәрінде де «Абайтану» курстары енгізілді. Бұндағы мақсат - төл тілімізді, оның ұл-қыздарының рухын тіктеу. Ал, Абай мұралары елдігімізге, бірлігімізге игі қызмет ететіндігіне ешқандай да шүбә жоқ.

«Сырдария» университетінде де қазірде «Абайтану» аудиториясы жабдықталып жумыс жасауда. Мұнда да ұстаз-ғалымның жетекшілігімен студенттер ұлы ақынның мұраларын зерттеп, талдап, бүгінгі уақыт және заман талабы тұрғысынан баға беруде. Ұлы философтың іргелі ойларын өз бойларына дарытуға ден қоюда.

Өйткені, Абай - біздің рухымыз. Елдігіміз. Бірлігіміздің ұстыны. Бұны уақыттың өзі дәлелдей түсетіндігіне сенеміз.

Мақаламыздың бір тұсында қазірде заман басқа, адам басқа дедік. Бұнымен айтпақ ойымыз мынада: мақала кейіпкері бүгінгі уақыт талабына сай ғылымда жене қоғамдық ортада жемісті жұмыс жасап жүрген абзал жандардың бірі.Талашпыл. Қатаң. Қатал да. Өзім ойлаймын, бұл аса қажет қасиеттер. Жасампаздыққа негізделген сипаттар. Бұзып-жарып, қиратуға бейім емес мінез иесінің ертеңгі ұрпақ кемел, білімді де білікті маман облып шықсын деген ақ адал ниеті. Сонысымен қымбат осынау болмыс-бітім бейнесі.

Сол себепті те замандас бейнесін өзін-өзі танымастай етіп, алты қабат аспанның ар жағына асырып, жерге түсірмей мақтаудың жөні жоқ екендігін түсіндік. Кәдімгі, қазақи құнарлы тілмен, жақсы лебізбен, ой-пікірлермен жанға жарасар достық, кәсіби әріптестік рәуіштегі пікірді қалағанымыз да сол.

Нурғали ҚАДЫРБАЕВ, «Сырдария» университетінің профессоры.

Басқа жаңалықтар