қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English

ІІ республикалық студенттік «Бауыржан оқуларында» студенттеріміз жүлделі орындарға ие болды

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі комитетінің әлеуметтік тапсырысы негізінде «Студенттік өзін-өзі басқару және дамуының одағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 28 мамыр күні Шымкент қаласындағы Қ. Спатаев атындағы №7 мектеп лицейінде, яғни батыр Бауыржан Момышұлы оқыған мектепте ЖОО суденттерінің өзге ұлт өкілдерінің арасында ІІ республикалық студенттік «Бауыржан оқулары» сайысы болып өтті.

Қазақ халқының аты аңызға айналған біртуар ұлы, ғасыр биігіндегі дара тұлға, Кеңес Одағының Батыры, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының қайталанбас өр тұлғасын, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы айрықша қаһармандық ерлігі мен қайсар қолбасшылық қасиеттерін және жазушылық бейнесін жан-жақты, жоғары көркемдік деңгейде ашып көрсету, тарихтағы орнын білу, ол жайындағы білімін тереңдету мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің көптеген өңірлерінен дарынды студенттер қатысып, додалы сайыста бақ сынасты. Атап айтқанда Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Повладар, Атырау қалаларында орналасқан мемлекеттік ЖОО-нан келген орыс, әзербайжан, тәжік, өзбек, украин, неміс т.б. этностар Бауыржан Момышұлы жайлы білімдерін ортаға салды. Сайыс әділ өту үшін ұйымдастырушылар қатысушылардың қай қаладан, қай ЖОО-нан келгендерін әділқазылар алқасынан құпия сақтап және олардан оқу орны жөніндегі мәліметті сұрамау талап етілді. Студенттердің қай оқу орнынан, қай қаладан келгендіктері сайыс соңында, яғни марапаттаулардан кейін ғана белгілі болды. Әділқазылар алқасына төрағалық еткен Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбеков Омар Жанелұлының ұжымы өздерінің әділ шешімдерімен, қатысушы студенттерді әділ бағалай білді.

Сайыс үш номинация бойынша өтті. «Адал ұл ер боп туса – ел тірегі», «Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді», «Ел» дегенде еміреніп» номинациялары бойынша студенттер күш сынасты.

Сайысқа «Сырдария» университетінің «Гуманитарлық және бизнес» ғылыми мектебінің өзге ұлт, яғни тәжік ұлтының студенттері қатысып, жүлделі орындармен оралды.

Атап айтқанда, «Тарих» мамандығының ІІ курс студенті Тагаев Закіржан Алібекұлы «Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді» номинациясы бойынша әділқазылардың сұрақтарына мүдірмей жауап беріп, өзінің қарсыластарынан суырылып алға шықты, нәтижесінде жүлделі І орынды қанжығасына байлады. Аталған номинация бойынша «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының ІІІ курс студенті Ширинова Дилнавоз Базарбайқызы сұрақтарға көркем әдеби тілмен жауап беріп, жауынгер-жазушыға арнаған өлеңін оқып, ІІ орынға ие болды.

«Адал ұл ер боп туса – ел тірегі» номинациясы бойынша «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының ІІІ курс студенті Фатулаева Ұлбосын Муханбетқызы «Ұрпағы ұлықтаған Ұлы Батыр» тақырыбындағы:
Қазақтың дара туған батыр ұлы,
Есімі бұл күндері дара ұлы.
Елінің ертеңі үшін отқа түскен,
Ұрпағы ұлықтаған Момышұлы
– деген өлең жолдары арқылы басталатын публицистикалық мақаласымен, ондағы батыр жайлы жазылған жан-жақты теңеулер мен зерттеулер, әділқазылар алқасының назарын өзіне аударып, ІІ орынды иеленсе, ал Додожанова Махсад Рузибойқызы «Ел» дегенде еміреніп» номинациясы бойынша прозалық және поэзиялық шығармаларын, нақыл сөздерін мәнерлеп оқудан әділқазылар алқасының жоғары бағасын алып, жүлделі ІІ орынды иеленді. Іс-шара соңында студенттерге дипломдар мен сертификаттар тапсырылып, бағалы сыйлықтамен марапатталды.

«Сырдария» университетінің студенттері өздерінің білім деңгейлерінің жоғарылығын, ой-өрісінің ұшқырлығын республика деңгейінде танытып, дәлелдеп келуде. Бұл сөзімізге дәлел ретінде, өткен жылы Тараз қаласында өткен І республикалық «Бауыржан оқуларында» Молдахмет Архат «Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді» номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орынды иеленсе, 2013 жылдың 23 қазан күні «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез!» атты студенттер арасында облыстық пікір-сайыс турниріне университетіміздің студенттерінен құралған «Ақиқат» фракциясы қатысып, жүлделі ІІІ орынға ие болды.

Ал үстіміздегі жылдың 27-29 наурыз күндері Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде өткен тарих пәнінен VI республикалық-пәндік олимпиадаға тарих мамандығының студенттерінен құралған «Мырзашөл қырандары» командасы да жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Міне, бүгінде студенттеріміз үшінші орындардан бірінші, екінші орындарға көтеріліп, университетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатуда. Студенттеріміз еліміздегі кез-келген ЖОО мен бәсекеге түсе алатындықтарын тағыда бір рет дәлелдеді.

Бауыржан Момышұлы соғыс жылдары шығарған:
Қаршығадай, қырандай,
Дұшпанға тиіп ұрандай,
Ту көтеріп майданда,
Ел намысын қорғаған.
Ер намысын қолға алған,
Қирата жойған дұшпанды,
– деген өлең жолдарын студенттеріміз ұран етіп, қарсыластарынан қырандай жүйткіп оза шығып, университетіміздің намысын қорғап, мәртебесін дүйім жұртқа мәлім етті.

Бұл аталған жетістіктер университетіміздің саналы тәрбие мен сапалы білім беретіндігінің бұлтартпас дәлелі екендігі анық.

Университетіміздің президенті Аяшева Есенкүл Сейілқызы мен оқу ордамыздың ректоры Дайырбеков Серік Сансызбайұлының студенттерге жағдай жасап, олимпиадаға, сайыстарға қатысамын деген студенттердің «Болатын баланың бетін қақпа, белін бу» деген қазақтың аталы сөзін берік ұстанып, еліміздің қай облысында болса да қолдау көрсетіп, оларға сенім артқандығы студенттерімізді рухтандырып, жігерлендіріп жеңіспен оралуына бірден бір себеп болуда.

«Сырдария» университеті Мақтаралдың мақтанышы, Жетісайдың жетістігі, облыстың ордалы оқу орны болса, бүгінде республикамыздың беделді ЖОО-ның біріне айналып келе жатқандығына танымы терең, ойы өткір азаматтың ешбір дауы бола қоймасы анық.

Файзиев Нұржан Сапарханұлы «Гуманитарлық және бизнес» ғылыми мектеп директорының орынбасары