қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English

Галерея

Қазақ хандығы – Тәуелсіз Қазақстан сабақтастығы мен тағылымы

Мырзабай МЕЙІРБЕКОВ
"Гуманитарлық білім" факультетінің деканы,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

"Сырдария" университетінде желтоқсан айының 11-жұлдызында "Гуманитарлық білім" факультетінің ұйымдастыруымен мемлекеттігіміздің мерейлі мерекесі – Қазақ хандығының 550 жылдығына және Тәуелсіздік күніне арналған "Қазақ хандығы – Тәуелсіз Қазақстан: сабақтастығы мен тағылымы" атты мерекелік іс-шара өтті. Тағылымдық мәні зор болған бұл іс-шарада қазақ мемлекеттілігінің пайда болуынан қазірге дейінгі даму, қалыптасу жолы, оның кезеңдері, бүгінгі тәуелсіздігімізге қалай қол жеткізгеніміз жан-жақты ашылып көрсетілді.

Мерекелік кеш жүргізушілердің (Бекахмет Мұхаммедәли, Жарылқасын Ақерке) жалынды сөздерімен ашылған соң, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Одан соң университеттің оқу істері жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Мамраимов Серік Дәулетұлы көпшілік қауымды мерекемен құттықтады.

Бұл кештің бір ерекшелігі – Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңдері мен даму жолына арналған бірнеше бейнебаян тарихи кезеңдер бойынша көрсетілді. Сондай-ақ, "Гуманитарлық білім" факультеті студенттерінің қатысуымен сахналық қойылымдар да қойылды.

Алғашқы бейнебаян қазақ қазақ болғанға дейінгі кезеңдегі мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңдеріне арналды.

Жалпы коммунистік идеология, тар таптық, еуроцентрлік, ресейцентрлік көзқарас үстемдік еткен кешегі кеңестік кезеңде отандық тарих ғылымы бұрмаланып жазылып келгендігі белгілі. Қазақ халқы шығу тегі беймәлім, мемлекеті қалыптаспаған, жазу-сызуы жоқ, өркениетсіз халық ретінде қарастырылып келген-ді. Ал шындығында мүлде олай емес еді. Қазақ халқы мен оның арғы ата-бабалары дүниежүзілік өркениетке өзіндік лайықты үлес қосқан өркениетті халық екендігін тарих ғылымы әлде қашан дәлелдеді. Тарихшы ғалымдар өркениетке тән негізгі үш ұлы ерекшелікті атайды. Олар: мемлекет, жазу, монументальды архитектура. Қазақ халқы осы үшеуінен де кемде емес: біріншіден, олар ат жалында жүріп-ақ, "басы барды идіріп, тізесі барды бүктіріп" құдіретті мемлекеттер құрды, екіншіден, сонау ерте темір-сақ дәуірінен бастау алып, түркі дәуірінде одан әрі дамытылған өзінің төл жазу-сызуы болды, үшіншіден, орта ғасырларда қазақ даласында қалалық мәдениет пен архитектура гүлденіп дамыды: қазақ даласында орта ғасырларда ұлы жібек жолының бойындағы қалалардың халқы 20 %-ға жеткен екен, ал дәл осы кезде Европада қала халқы 12% қана болған. Демек, дүниежүзілік адамзат өркениетіне өзінің лайықты үлесін қосқан қазақ өркениеті бар деп сеніммен айтуға болады. Қазақ өркениеті – біріңғай дала емес, ол қала мен дала мәдениетінің синтезі.

Сонымен, кез-келген өркениеттің басты белгілерінің бірі – оның мемлекеттігі десек, Қазақ мемлекетінің бастауы сонау сақтар мен ғұндар заманынан бастау алады. Көне дүниеде өздерінің ержүрек батырлығымен, еркіндік, азаттық сүйгіштігімен даңқы шыққан түпкі бабаларымыз – сақтар сол уақыттың әлемдегі ең күшті державалары – Парсы патшалығының құдіретті билеушілері Кир, Дарий әскерлерінің, шегіну, жеңілу дегенді білмеген ұлы жиһангер Ескендір Зұлқарнайын жасақтарының шабуылдарын ерлікпен тойтарды. Тұмар апамыз қанқұмар Кир патшаны, басын өз қанына тұншықтырды. Ал кейіннен сақтардың аң стилді өнері – қазақтың ою-өрнегіне, жазулары – қазақ руларының таңбаларына айналса, ал қазіргі таңда алтын түстес қанатты пырағы – ҚР Елтаңбасында, қанатты барыс – ел дамуының Стратегиясында, ал Алтын адам – қазақтың бет бейнесі, Қазақстан Тәуелсіздігінің символы ретінде көрініс тауып отыр.

Ұлы Ғұн мемлекетін құрған Мөде бабамыз Ұлы Қытай империясының өзін тізе бүктіртіп, алым-салық төлетіп, Ұлы Қытай қорғанын салуға мәжбүр етсе, ал Еділ бабамыз Еуропаның, Азия мен Африканың талай халықтарына құлдық қамытын кигізіп, тозақ азабын шектірген құдіретті Рим империясының өзін шаңырағын шайқалтып, аяғын көктен келтірді. Ал, әлемнің талай елін құлдық қасіретінен, азап өмірден құтқарған бабаларымыздың бұл ісі тарихта адамзат дамуын алға бастырған прогрессивтік құбылыс болып есептеледі.

Мемлекеттігіміздің дамуының келесі кезеңі – Түркі дәуіріне жатады. ҮI ғасырда "Түркі" атымен тарих сахнасына шыққан бабаларымыз "басы барды идіріп, тізесі барды бүктіріп", шығыста сонау Сары теңізден, батыста Қара теңізге дейінгі құс ұшса қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақта Ұлы Түрік қағандығы атты ұлы мемлекет құрды. Ұлы Түркінің тәңірі текті Бумын, Істеми, Мұхан, Білге, Күлтегін, Тоныкөк сияқты қағандары мен батырлары "күндіз отырмай, түн ұйықтамай, қызыл қанды ағызып, қара терді төгіп" елдікті нығайтты, "аз халықты – көп, ашты - тоқ, кедейді - бай етті, жауын бейбіт етті". Елдік пен ерлікке суарылған ата тарихын, Мәңгілік Ел болуды армандаған ұлы мұратын Мәңгі тасқа жазып қалдырды.

Қазақ мемлекеттілігің қалыптасуында Шыңғыс хан империясы да өзіндік орын алады. ХІІІ ғасырда қазақ жері дүние жүзін зілзалаға келтірген Шыңғысхан империясы ұлыстарының құрамына кірді. Гүлденген қалаларды қиратып, егіншілік ошақтарын жойған Шыңғысхан шапқыншылығының зардаптары ауыр болғанымен, ол мемлекеттік басқару жүйесін нығайтты, елді бір орталықтан басқаруды күшейтті. Шыңғысханның "Ұлы жасақ" заңының негізінде кейіннен Қазақ хандығының "Қасым ханның Қасқа жолы", "Есім ханның, Ескі жолы" және Әз-Тәукенің "Жеті Жарғысы" тәрізді заңдар жинағы дүниеге келген еді.

Шыңғыс хан империясы құрамындағы Ұлы даламызда одан соң Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолстан, Көшпелі Өзбек хандығы және Ноғай Ордасы сияқты мемлекеттер тарих сахнасына шықты. Бұлар өзге де туысқан түркі халықтарымен бірге қазақ халқының да ұлт болып ұйысу үдерісінің соңғы сатысындағы ұлыстар еді. Сондықтан бұл мемлекеттердің этносаяси дамуы өзге түркі халықтарымен бірге қазақ халқының және оның үш жүзінің қалыптасуына әкелді. Әсіресе қазақ үшін киелі саналатын Ақ Орда жаңа қалыптасу қарсаңындағы қазақтың елдігінің алғашқы бастауы болатын. Басқаша айтсақ, Қазақ хандығы – Ақ Орданың тікелей мұрагері еді. Бұл екі мемлекеттің жері де, елі де бір, тіпті саяси элитасы да бір болатын, яғни қазақ хандары Ақ Орда хандарының тікелей ұрпақтары еді.

ХV ғасырда қазақ тарихында жаңа дәуір – қазақ дәуірі, қазақ заманы басталды. Қазақ өз алдына жеке ұлт, жеке халық болып қалыптасты. Қазақ халқының ұлттық мемлекеті – Қазақ хандығы шаңырақ көтерді. Бұл тарихи маңызы зор оқиға еді. Қазақ хандығы – тарих толқынында сонау сақтар мен ғұндардан бері бірін-бірі алмастырып келе жатқан Ұлы дала мемлекеттерінің заңды жалғасы, тікелей мұрагері әрі соңғысы болатын. Ол енші алған өзге бауырларын шығарып салып, қара шаңыраққа ие болып қалған кенже ұл сияқты ежелгі түркілердің ата мекені – бүгінгі қазақ жерінда шаңырақ көтерген қазақтың алғашқы ұлттық мемлекеті еді.

Осыдан кейін Қазақ хандығының құрылуына арналған сахналық қойылым көрсетілді. Факультет студенттері (Керей – Ермекбай Ермахан, Жәнібек – Нұрсейіт Әбжан, Есенбұға хан – Молдахмет Архад, ақсүйектер басшысы – Әмре Жақсыбай, жасауыл – Қонысбек Атабек т.б.) ойнаған бұл қойылым сол кезеңдегі тарихи оқиғаларды нақты көз алдына әкелгендей көрермендерге үлкен әсер қалдырды. Көріністен соң Әжібек Райхан "Менің қазағым" әнін нақышына келтіре орындады.

Қазақтың ұлттық мемлекеті – Қазақ хандығының басынан өткерген тарихи тағдырына, оның даму жолына арналған келесі бейнебаян да сәтті шықты. Алыптардың арасынан суырылып шығып, мемлекет құру қиын. Ал, жан-жағынан жауларының бөрідей анталаған жаугершілік заманында сол құрған мемлекетті ұстап тұру одан да қиын. Қазақ хандарының алдында да тарих толқынында жұтылып кетпей Мәңгілік Ел болу жолы тұрды. Қазақ хандары алдарында үш стратегиялық міндет қойды: біріншіден, Сыр бойындағы сауда-экономикалық, әскери-стратегиялық маңызы зор Сығанақ, Сауран, Сайрам, Отырар, Түркістан сияқты т.б. қалаларды қазақ хандығына қарату қажет болды. Екінші міндет - Әбілқайыр тұсында бұзылған көшіп-қону жүйесін қалпына келтіру болса, үшіншіден, сол қиын тарихи кезеңде қазақтың елін, жерін біріктіру міндеті тұрған еді.

Сыр бойында қалалар үшін соғыс ХV ғасырдың 70-жылдары басталып, тура 30 жылға созылды. Қазақ хандары мен Шайбанилардан өзге Моғолстан мен Темір ұрпақтары да қатысқан бұл соғыс нәтижесі – жас қазақ хандығының күш-қуаты жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетті. Қазақтарға шамасы жетпейтінін білген Мұхаммед Шайбани атының басын Оңтүстікке – Мауереннахрға бұрып, ондағы Темір ұрпақтарын жеңіп, Өзбек хандығын құрды. Осылайша, өз ағамыз Өзбек Қазақтан енші алды.

Қазақтың жерін де, елін де алғаш біріктірген Жәнібектің ұлы Қасым хан болды. Оның тұсында қазақтың саны 1 млн-ға, әскерінің саны 300 000-ға жетіп, бүкіл Еуропа елдеріне мәлім болды. Қасым хан сонымен бірге мемлекеттің алғашқы заңын жасап, қазақтың болашағына "Қасқа жол" салды.

Қасымнан соң әлсіреп кеткен Қазақ хандығын қайта нығайтқан Қасымның ұлы Хақназар хан болды. Төрт құбыласын түгел жау қысқан ауыр кезеңде Хақназар хан шебер саясат жүргізіп, мемлекеттің аумақтық тұтастығын, елдің елдігі мен бірлігін сақтап қалды. Ол Ноғай Ордасының үлкен бөлігі – Алшын тайпалар одағын Қазақтың кіші жүзінің құрамына қосты. Қазақтан өзге қарақалпақ, қырғыз және башқұрттарға да билік жүргізген Хақназар ел арасында "Алаша хан", яғни Алты алаштың ханы атанды.

Қазақтың жігерлі де қабілетті хандарының бірі – Шығайдың ұлы Тәуекел хан болды. Оның тұсында қазақтың мерейі үстем болып, ата жауға айналған қалмақтар Тәуекелге тәуелді болды. Мәскеуге Құлмұхаммедті жіберіп, орыс мемлекетімен дипломатиялық қатынас орнатты. Өзіне опасыздық жасаған Өзбек ханы Абдаллахты әскерін тас-талқан еткен Тәуекел, Өзбектің Ташкент, Самарқан, Ақши, Әндіжан, Мунши секілді бірнеше қалаларын да өзіне қаратты. Өзбектің аштарқан әулетімен келісім нәтижесінде Ташкент қаласы атырабымен қоса 200 жылға қазақ хандығына берілді.

Қазақтың абыройын одан әрі асқақтатқан "Еңсегей бойлы ер Есім" хан болды. Хандықтың әскери күш-қуатын барынша нығайтқан ол, қазақтың ата жауы - қалмақтарды және жаулық пиғыл ұстанған Бұхар хандығын бірнеше дүркін жеңіліске ұшыратты. Қазақ хандығының заңдар жинағын одан әрі дамытып, ол тарихта "Есім ханның, Ескі жолы" деп аталды.

Қазақтың аса жаужүрек хандарының бірі – Есімнің ұлы Салқам Жәңгір ханның есімі жоңғарларға қарсы ерлік күресімен байланысты. 1643 жылғы әйгілі Орбұлақ шайқасында жер жағдайын өз мақсатына өте шебер пайдалана білген Жәңгір хан небәрі 600 ғана жасақпен жоңғардың 50 мың әскерін тар шатқалға қамап, жаудың 10 мыңнан аса әскерін талқандады. Шайқас соңында кіші жүз Алшыннан шыққан Самарқан билеушісі Жалаңтөс батыр 20 мың қолмен көмекке келіп, жау әскері тым-тырақай қашады. Бұл Ұлы жеңісті тарихшылар Фермопиль өткеліндегі 300 спарталық жауынгердің 30 мың парсы әскерін тоқтатқан ерлігіне теңейді.

Жәңгірден соң Қазақ хандығының шайқалған шаңырағын қайта тіктеп нығайтқан оның ұлы "Ақылы асқан Әз-Тәуке хан" болды. Ол хан, сұлтандарды биліктен шеттетіп, ұлы жүзге – Төле би, орта жүзге - Қаз дауысты Қазыбек би, кіші жүзге – Әйтеке би сияқты кемеңгер билерді басқартып, береке-бірлікті барынша күшейтті. Ел болу мәселесін талқылаған "Күлтөбенің басында күнде кеңес" ашып отырды. "Қасқа жол" мен "Ескі жолды" одан әрі дамытып, "Жеті жарғы" заңдар жинағын жасады.

Тәуке хан қайтыс болған соң, өкінішке орай, қазақтан бірлік кетті. Үш жүзді үш хан басқарып, бір-бірімен билікке таласып, қырқысқан хан-сұлтандар елдің берекесін кетірді. Қазақ елінің халықаралық жағдайы да өте ауыр болды: шығыста анталаған басты жау – жоңғарлардан өзге, батыстан – Еділ қалмақтары, Жайық қазақтары мен башқұрттар, Солтүстіктен – Сібір казактары, ал Оңтүстіктен – Орта Азия хандықтары жиі-жиі шабуылдар жасап тұрды. Қазақ елінің төрт құбыласы түгел жау болып, осылардың бәрімен соғысып отыруға тура келді. Бұлардан қорғанған күннің өзінде, артында аюдай ақырған Ресей мен айдаһардай ысқырған Қытай империялары тұрды. "Көмекей әулие" Бұхар бабаның :
Былай барсаң орыс бар,
Балаңды берсең қоныс бар.
Былай барсаң қалмақ бар,
Күшіңді еппен алмақ бар.
Былай барсаң қытай бар,
Жапырағыңды бұтай бар.
Былай барсаң Қоқан бар,
Әкеңдейін қоқаңдар, – деп күңіренуі де осы кез еді. Ресей мен Қытай империялары болашақта отарлау үшін қазақ пен жоңғарды, қазақ пен башқұрт, қалмақтарды бір-бірімен әдейі соғыстырып отырды. Қазақ елінің басына ауыр күн туып келе жатты. 1723 жылы ерте көктемде жоңғарлар қазақ еліне баса-көктеп кірді. Олар ешкімді аямай, тіпті кемпір-шал, бала-шағаға қарамай қырып-жойды. Қазақ халқы атамекенін, мал-жанын тастап босып кетуге мәжбүр болды. Қазіргі зерттеушілердің пікірінше, қазақтың үштен бірі, ал Шәкәрім Құдайбердіұлының айтуынша, үштен екісі қырылған бұл сұмдық қасіретті оқиға "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" деген атпен тарихқа енді. Ол халықтың "табаны ағарғанша шұбырып, Алқакөлге жетіп, қайта тұра алмастай болып сұлады" деген мағына береді екен. Бүкіл сай-сүйегіңді сырқырататын "Елім-ай" әні осы кезде шықты, "елім-айлаған" дауыстар бүкіл қазақ даласында күңіреніп жатты.

Осы бейнебаянға ілісе сахнада "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" оқиғасы және "Ордабасы жиыны" қойылды. Сахнада "елім-айлап" зарлаған босқындардың өтуі, әсіресе әжесінің (Омархан Мөлдір) өз ұлын, немересінің (Ермекбай Ермахан) әкесін жоқтап жылауы және әкесінен айрылған қорғансыз қыздың (Адырова Ұлданай) өз анасына мұңын шағып қайтыс болуы, ананың (Әбілхан Жансая) зары көрермендердің көзіне еріксіз жас үйірді.

Одан соң қазақтың басын қосқан әйгілі Ордабасы жиыны сахналанды: Қазақтың үш ұлы билері – Төле би (Дүзел Марат), Қаз дауысты Қазыбек би (Тұрдымұратов Еламан) және Әйтеке билер (Молдахмет Архад) үш жүздің басын қосып, қасиетті Отанды жаудан қорғау жөнінде өздерінің жалынды сөздерін арнады. Кіші жүз ханы Әбілқайырды (Әмре Жақсыбай) бүкіл қазақ әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады. Әбілқайырдың қасындағы батырлардың қолдауымен қылышын жоғары сермеп, "Отан үшін, жер үшін! Аттандық алаш! Я, әруақ!!!" - деп ұрандатуы көпшіліктің де рухын көтерді.

Осы көріністен соң Балғабай Маржанның орындауында "Ізін көрем" әні көпшілікке жол тартты.

Келесі бейнебаян – қазақтың ұлы ханы Абылай ханға арналды. Абылай хан есімін естігенде рухы қозбайтын алаш баласы жоқ шығар-ау, сірә. Ол көзі тірісінде-ақ бүкіл қазақтың, күллі алаштың ұранына айналған айбынды да айбарлы Ұлы тұлға. Абылайдың қолбасшылық таланты мен саяси көрегендігі қазақ халқының тағдыры қыл үстінде, қылыш жүзінде тұрған ауыр кезеңде жарқырай көрінді. Ол ең алдымен үш жүздің басын біріктірді, жоңғар басқыншыларына қарсы күрес жүргізіп, Отанымызды басқыншы жаудан біржолата азат етті. Екіншіден, Ресей мен Қытай империялары елімізге ауыз сала бастағанда, олардың арасында кемеңгер көпқырлы саясат ұстанып, алып империялардың тырнағынан қазақ елін аман алып шықты. Үшіншіден, Абылай хан қазақтың атамекен жерін біріктірді, аумақтық тұтастығын қалпына келтірді. Осылайша, Абылай бабамыз қазақтың болашағына ақ жол салды.

Үш жүздің ханы атанған Абылай: "Үш арманым бар еді. Бірінші, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім. Қан көп төгілді. Екінші, қала, кент сала алмадым. Үшінші, елдің басын біріктіре алмадым" - деген екен. Шүкір, бүгінде осы Абылай бабамыздың асқақ армандары орындалды. Абылайдың ақ жолы Нұрсұлтанның нұрлы жолына ұласты. Тәубе! Тәубе, ағайын!

Осыдан соң Аманбаев Абылай "Туған жер" әнімен сахна төріне шақырылды.

Келесі бейнебаян Ресей құрамындағы Қазақ елінің жағдайын қысқаша шолып өтті. Қазақ елі 200 жылдан астам патшалық Ресей империясының, 70 жылға жуық оның мұрагері - Кеңестік қызыл империяның отары болып келген тағдыр-талайы ауыр халықтардың бірі. Тарихтың ащы шындығы осы.

Қазақ елі 1731 жылдан бастап амалсыздан Ресей құрамына ене бастады. Жоңғарлар, еділ қалмақтары, башқұрттар, Жайық, Сібір казактары сияқты жан-жақтан анталаған жау Кіші жүз ханы Әбілқайырды амалсыздан Ресей бодандығын қабылдауға мәжбүр етті. Ресей империясы Қазақ елін бейбіт жолмен де, жойқын қарудың күшімен де, жан-жақты: саяси, әскери-бекіністік, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани тұрғыдан да отарлады. "Еділді келіп алған - етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны, Ойылды келіп алғаны – ойындағысы болғаны" деп Мұрат ақын күйіне жырлағандай, Ресей қазақ жерін біртіндеп жаулады және отаршыл саясатын да кезең-кезеңмен жүргізді.

Табиғатынан азаттық пен еркіндік сүйгіш қазақ халқы отаршылдық езгіге қарсы тынымсыз ұлт-азаттық күрестерге шықты. Мұндай азаттық жолындағы күрестер қазақ тарихында бір сәт те тоқтаған емес. Оның ең бастыларын атай кетсек: 1783-1797 жылдардағы 14 жылға созылған Кіші жүздегі Сырым Датұлы, 1836-1838 жылдардағы Бөкей Ордасындағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған, 1837-1847 жылдардағы Кенесары Қасымұлы бастаған, 1843 және 1856-1857 жылдардағы Жанқожа батыр бастаған, 1855-1858 жылдардағы Есет батыр бастаған, 1868-1869 жылдардағы Орал және Торғай облыстарындағы Сейіл Түркебайұлы мен Беркін Оспанұлы бастаған,

1870 жылғы Маңғыстаудағы Досан Тәжіұлы мен Иса Тіленбайұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстар болды. Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық қозғалыстарының асқар биік шыңы – 1916 жылғы Амангелді Иманов, Әбдіғаппар Жанбосынов, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов т.б. бастаған ұлт-азаттық көтерілісі болып табылады.

Алаш қозғалысы – ХХ ғасыр басындағы жаңаша сипаттағы ұлт-азаттық қозғалыс болатын. Әлихан Бөкейханов бастаған, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Ахмет Бірімжанов, Халел және Жанша Досмахамбетовтер сияқты т.б. ұлтжанды зиялылардан құралған алаштықтар қарулы күрес емес, саяси күрес жолын таңдап алды. ХХ ғасырда күш білекте емес, білімде екенін түсінген олар қазақ халқын ғылым-білімге шақырды. Ахаң қараңғыда ұйықтап жатқан қазақты "Маса" болып оятуға тырысса, ал Міржақып "Оян, қазақ!" деп жар салады. Ұлттық мүддені ту етіп, ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған олар, сол ұлттың мемлекеттігі мен ұлт болашағы жолында өздерін құрбан етті.

Осы бейнебаянға сәйкес қазақ зиялыларының тағдырынан сыр беретін көрініс сахналандырылды. Сахнада атылар алдындағы қазақтың бес арысының (Ахмет Байтұрсынов – Молдахмет Архат, Міржақып Дулатов – Ермекбай Ермахан, Жүсіпбек Аймауытов – Қонысбек Атабек, Шәкәрім Құдайбердіұлы – Әмре Жақсыбай, Мағжан Жұмабаев – Тұрдымұратов Еламан) өз халқына, болашақ ұрпаққа арналған өсиет-ұраны айтылды. Көріністен соң Тәжен Асылбай "Елім" әнін орындады.

Келесі қысқаша бейнебаян қазақ тарихындағы ең қайшылығы мол кезең – Кеңес дәуіріндегі Қазақстанға арналды. Екі ғасырға жуық патшалық Ресей империясының отары болған Қазақ елі 1917 жылдан бастап Кеңестік қызыл империяның бодауына түсті. Қарама-қайшылығы мол бұл кезең онсыз да тарихи тағдыр тауқыметін аз тартпаған қазаққа тіпті де ауыр қайғы-қасіреттер әкелді. Кеңестік империя дәуірінде қазақ елі қырғынды азамат соғысын, үш рет болған ашаршылық нәубетін және үш дүркін болған сталиндік қанды қырғын жазалаулар қасіретін басынан өткерді. Әсіресе, күштеп ұжымдастыру мен тәркілеу кезіндегі голощекиндік ашаршылық қазақ халқына аса зор қайғы-қасірет әкелді. Бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген бұл нәубеттен қазақ елінің тең жартысы қырылды. Ал, сталиндік қуғын-сүргінде 101 мыңнан астам қазақстандық еліміздегі Карлаг, АЛЖИР, Актюблаг, Жезқазғанлаг, Степлаг сияқты сталиндік тамұқ-түрмелерде тозақ азабын шексе, ал 27 мыңнан астам қазақстандық "халық жауы" атанып атылды.

Қаншама қасірет пен азапты басынан өткерсе де, қазақ елі Отанға деген адалдығы мен сүйіспеншілігін ешуақытта жоғалтпады. Кешегі сұрапыл Ұлы Отан соғысында қазақстандықтар жауды жеңуге майданада да, тылда да өлшеусіз үлес қосты, теңдессіз ерліктер көрсетті. 500-ден аса қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Отан үшін от кешіп, жанын пида еткен аталарымыз бен аналарымыздың өшпес ерлігін біз мәңгі есте сақтаймыз.

Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық күрестерінің заңды жалғасы, әрі соңғысы – 1986 жылғы көтеріліс болып табылады. Желтоқсан көтерілісі – кеңестік тоталитарлық жүйенің көбесін сөгіп, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізді алуымызға тікелей жол ашқан тарихи маңызы зор оқиға болып табылады. Желтоқсанда қазақ жастары, балған қазақ демократиясы тоталитаризмнің дүлей қара күшіне қаймықпай қарсы шықты. Тоталитарлық жүйе жастарды қызыл қанға бөктіріп, аяусыз жазалады. Жүздеген қазақ жастары сотталды, мыңдаған жастар оқудан, қызметтен қуылды, бірнешеуі қыршынынан қиылды. Оның ішінде халық жүрегінде мәңгі сақталатын қазақтың батыр ұлы Қайрат Рысқұлбеков те болды.

Осы бейнебаянға орай Желтоқсан көтерілісіне арналған көрініс көрсетілді. Онда Халық Қаһарманы – Қайрат Рысқұлбековтың (Тұрдымұратов Еламан) түрмедегі қайсарлығы, тергеушіге (Дүзел Марат) берген жауабы және "Қайрат деген атым бар, Қазақ деген затым бар, Еркек тоқты құрбандық – Атам десең атыңдар!" - деп тоталитаризмге қаймықпай қарсы тұрған өр рухы сахнада нанымды сомдалды.

Соңғы бейнебаян Тәуелсіз Қазақстанға арналды. Белгілі күйші-сазгер, университет профессоры Бөрі Исаның "Желтоқсан" күй-поэмасымен қойылған бұл бейнебаянда бүгінгі бүкіл әлем таныған Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктері көрсетілді. 1991 жылы 16-желтоқсан күні Қазақ елі өзінің ғасырлар бойы армандап, аңсаған мемлекеттік тәуелсіздігіне қол жеткізді. Тәуелсіздік – қазақ халқы үшін ең қасиетті, қастерлі ұғым. Ол ұлттық мемлекеттігіміздің алтын арқауы, ұлттық идеологиямыздың ұйытқы өзегіне айналып отырған ең асыл құндылығымыз, тәу етер тірегіміз! Өйткені тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Ол қазақ халқының сан ғасырлық күресінің, аққан тер мен төгілген қанының арқасы! Ендеше
тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтайық!

Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан Республикасы сөз жоқ кешегі Қазақ хандығының заңды мұрагері. Тарих толқынында бір батып, бір шығып, талай-талай соқтықпалы сүрлеулерден өткен қазақ мемлекеттігі ХХ ғ. соңында жаңа заманға сай жаңа тұрпатта қайта жаңғырды. Тәубә, тәубә, ағайын!

Кештің соңы Орынбай Әділбектің орындауындағы "Қазақстаным" әнімен аяқталды. Ендеше, мемлекеттігіміз бен елдігіміз мәңгілік болсын, Ұлы Дала Елі – Тәуелсіз Қазақстан мәңгі жасай берсін!

Мырзабай МЕЙІРБЕКОВ
"Гуманитарлық білім" факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент


Галерея


Басқа жаңалықтар

Платон жуйесі

университетінін электронды кітапханасы

Фотогалерея

Археология

7 СЫР газеті

Каржы орталыгы

free counters





Біздің мекен-жайымыз:
160500, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі, 11.
тел.: 8(72534) 6-30-00, 6-34-03
факс: 6-34-03, 6-14-63
e-mail:sirdariya@mail.ru

2015 © www.sirdariya.kz