қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English
7Сыр Республикалық қоғамдық-саяси газеті

Сәуір, №16(306) 24.04.2015 жыл, 1 бет

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай
Жастар сот ардагерімен кездесті

"Қазақстан" студенттер сарайында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Мақтаарал аудандық судьялар корпусының ұйымдастыруымен "Ардағым-ардагерім" атты іс-шарасы болып өтті.

Кешке қатысқан көпшілік соғыс және еңбек ардагері, "Үш би" төсбелгісінің иегері, ҚР "Құрметті судьясы" Мақтаарал ауданының "Құрметті азаматы", қаламгер Бекназар Айтжан Тассейітұлымен сүхбаттасып, әңгіме майдан жайындағы естеліктермен өрбіді.

Іс-шараға облыстық сот ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Темір, ұзақ жылдар бойы аудандық соттың төрағасы болған, Мақтаарал ауданының "Құрметті азаматы" Мырзақүл Ертаев, аудан әкімі С.Түрбеков, аудан прокуроры Н.Боранбаев, ҰҚК-нің аудандық басқармасының бастығы Т.Мелдешов, Мақтаарал аймағы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Е.Жүнісов, облыстық, аудандық БАҚ өкілдері, аудан көлеміндегі соттардың судьялары мен мамандары, "Сырдария" университетінің студенттері қатысты.

Сондай-ақ, іс-шараның арнайы қонағы А.Бекназаровтың өмір жолдары мен ұлағатты істері туралы баяндаманы Мақтаарал аудандық N92 сотының судьясы А.Ниязбеков жасаса, аудан әкімі С.Тұрбеков жиналған көпшілікті мерекемен қүттықтап, ардагер ағамызға ізгі тілегін жеткізді.

Іс-шараға арнайы шақырылған сот ардагерлері өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, жас судьяларға ақыл-кеңестерін айтып, сот төрелігін адал атқарыңдар, уақыт талабына сай жұмыс жасаңдар деп ақ тілектерін жеткізді.

Залға жиналған аудандық сот судьяларымен мамандары, студент жастар ардагер ағамыз Айтжан Бекназаровқа сұрапыл соғыстағы ерліктері, сот саласындағы істері, жайында бірнеше сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Заң саласының басшылары ардагер ағаларымызға арнайы шапан жауып, сый-сияпаттар жасады. Осындай игі іс-шара барысында Қ.Жандарбеков атындағы драма театрының өнерпаздары Ж.Қарғабаев "Катюша", "Атамекен", "День победы" әндерін орындаса, Ұ.Базарбаева "Ғайша" поэмасын оқып, театр әртістері Бауыржан Момышұлы туралы көрініс қойып жиналған көпшілікке үлкен мерекелік қуаныш сыйлады. Ардагер ағаларымыз заң саласының қызметкерлерімен бірге әкімшілік алдындағы аллеяны аралап, Жетісай қаласындағы көптеген оң өзгерістерге риза болып, Мақтаарал аудандық сотында қызмет жасап жатқан жас судьялармен бірге естелік үшін суреттерге түсті.
Баян ТАКЕНОВА.


Басқа жаңалықтар