қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English

21.06.2016

Ұлылар мекеніне саяхат
(Тағылымы мол тәжірибеден өттік)

Семей жері, Семей елі біз үшін ыстық атау, ыстық өлке. Себебі, бұл өңірді қадірлемейтін, қастерлемейтін қазақ жоқ. Бұл өңірдің өзгелерден ерек, бөлек тұрған айрықша, аяулы қасиеті - Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды дара, дана тұлғаларды беруі. Тауы мен даласы түгел ән салып, күй төгіп, жыр жырлап, би билеп жатқан әйгілі Шыңғыс атырабына – Абай еліне келуіміздің мақсаты: екі жоғары оқу орындарының Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті мен «Сырдария» университеті арасында «Ішкі академиялық ұтқырлық» бағдарламасын дамыту мақсатында білім бағыты бойынша жасалған өзара ынтымақтастық Келісімшарты негізінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы 1-курс Қт-15 тобының студенттерін фольклорлық тәжірибеден өткізу және «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша «Сәбиттану» курсынан 30 сағат көлемінде лекция оқу.
Негізгі мақсат – Шыңғыстауға, Шыңғыс сілеміндегі Жидебайға, осынау өзі ғұмыр бойы жырлаған Абай жеріне тағзым ету. Абай шыққан қырға шығып, ақын түскен ойға түсіп, ғұламаның басқан ізін барлап-байқап, студент жастар не аңғарар, неге таңданар немесе не ұғар деген ой да көкейде жатты.

Біздің іссапарымыз көктем мезгілінің мамыражай айына сәйкес келді. Қазақ даласындағы, Абай еліндегі, Шыңғыс атырабындағы көктем. Абай елінің көктемі... Өлеңге айналған өмірдей керемет көрікті көктем. Әрине, әр жердің өз көктемі бар және көктем әр елде де көрікті. Мәселен, Оңтүстікке көктем ерте келеді, дейтұрғанмен, Шыңғыс атырабының Абай әшекейлеген көктемі бәрінен де көркем екеніне көз жеткіздік.
Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ұжымы, Гуманитарлық факультеттің деканы Сейітова Ш.Б., Филология кафедрасының меңгерушісі Төлебаева Қ.Т., осы кафедраның профессор-оқытушылары Қабышев Т.Б., Әбікенова Г.Т. т.б. бізді ыстық ықыласпен жылы қабылдап, қарсы алды.

Қт-15 тобының студенттері Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің Гуманитарлық факультеті, Филология кафедрасының 23-28 мамыр аралығына дайындаған жоспары бойынша фольклорлық іс-тәжірибеден өтті. Жоспарға сәйкес студенттер әкімшілік ғимаратпен танысып, басшылықтың қабылдауында болды. Гуманитарлық факультеттің студенттерімен, профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Кездесу әнмен, арнаумен басталып, өзара түсіністік жағдайда өтті. Филология кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қабышев Талғат Болатұлы студенттерге фольклорлық тәжірибе туралы дәріс оқыды.

Келесі күні студенттер Қабышев Талғат Болатұлының бастауымен Абайдың әдеби мемориалдық мұражайымен танысты. Алдымен олар Абайдың «Жидебай-Бөрілі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының директоры Болат Жүнісбеков, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаевалардың қабылдауында болды. Бас мұражай экспозициясы 16 бөлімнен тұрады. Олар: «Абай дәуірі», «Қайнар бұлақтар», «Абайдың шығармашылығы», «Аударма, ән-күй мұрасы», «Абайдың позмалары» залдары, «Жаз», «Абайдың ақындық өнер айналасы», «Абайтану», «Бейнелеу өнеріндегі Абай тұлғасы», «Абай және Семей шаhары» тақырыптық көрме залы және «Сыйлықтар», «Абай халық жүрегінде» залдары. Студенттер осы залдардың бәрінде болып, Абай қолжазбаларымен танысып, ақын тұтынған, қолданған заттарды көріп, кемеңгермен тілдескендей болды.

Сондай-ақ студенттер университетке қарасты Семей көп салалы колледжінің Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына орай ұйымдастырған тарихи тағылымдық кешіне қатысты. Абай мұражайы кітапханасының сирек кездесетін қолжазба қорында жұмыс істеді. Невзоровтар отбасы музейімен, Өлкетану мұражайымен танысты.

Келесі күні профессор-оқытушылар Т.Б.Қабышевтің, Г.Т.Әбікенованың жетекшілігімен Абай ауданына, Жидебайға – ұлылардың мәңгілік мекеніне тағзым етіп, зиярат жасады. Жолшыбай Күшікбай асуындағы батырдың, «Қорғансыздың күні» повесінің кейіпкері зұлымдықтың құрбаны Ғазизаның және қос ғашық Еңлік пен Кебек жатқан жерге тоқтап өтті. Ары қарай Бөрілідегі Әуез қыстауымен, яғни М.Әуезов мұражайымен таныстық, кейін ат басын Жидебайда жатқан кемеңгерлер мекеніне бұрдық. Алыстан теңіз бетіндегі аппақ қос кемеге ұқсас мұнартып көрінетін кесене, Абай тұрған үй (қазіргі мұражай) бізге өзгеше әсер етті. Қасиетті жерге табан тигенде Абай жүрегімен қайта табысқандай болып, оған деген сүйіспеншілігіміз арта түсті. Абай, М.Әуезов туралы айтылған естеліктерді зерделей отырып, рухани азық алдық. Абай туралы естеліктер – терең адамгершілік деректері. Адамды сүйген ұлы тұлғаға деген шынайы құрмет пен сүйіспеншіліктің куәсі болдық.
Академиялық ұтқырлық аясында 23-27 мамыр аралығында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша «Сәбиттану» курсынан 30 сағат көлемінде лекция оқылды.
27 мамыр күні «Қазақстан-Семей» телеарнасының тікелей эфирінде «Қайырлы таң» бағдарламасына «Талапкер таңдауы ҚазИГЗУ» тақырыбы бойынша («Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы 1-курс Қт-15 тобының студенттері Данияр Асылбек, Муталиев Меделхан, Адырова ұлданай) қатысып, сұхбат бердік.


Видео.

Студенттерге Жүсіпбек Аймауытовтың, Шәкәрім Құдайбердіұлының әдеби мұраларына қатысты дәрістер оқылды. Семей қаласының басқа да мәдени орындарымен танысып, Ертіс өзені мен аспалы көпірді аралап, тамашаладық.

Бұл іссапар біз үшін үлкен тәжірибе болды. Шығармашылық, рухани тұрғыдан байып, Шыңғыстау өлкесінің табиғатымен, шежірелі жандарымен таныстық. Ел аузында жүрген деректерді жинақтап, мұражайларды аралап, тарихи орындармен танысуға мүмкіндік алдық. ҚазИГЗУ-дің профессор-оқытушылар құрамымен, өнерлі студент-жастарымен достық пейілмен араласып, тамаша кездесулер ұйымдастырдық. Тәжірибе барысында студенттерге Филология кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қабышев Талғат Болатұлының дәрісі ерекше әсер қалдырды.

Бізге осындай мүмкіндік туғызған екі оқу орнының ҚазИГЗУ және «Сырдария» университетінің ректоратына «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының профессор-оқытушылары мен студенттері атынан алғысымыз шексіз.

«Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары», Абайдың мұрасы – ең қасиетті қазынасы. Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де халқымыздың Абайға көңілі айнымайды. Қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абайдай, Шәкәрімдей, Мұхтардай данышпан перзенттерді дүниеге әкелген мекенге тағзым ете отырып, осындай оймен біз туған елге - Жетісайға оралдық.

Жетісай-Семей-Жетісай
«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының
доценті, филология ғылымдарының
кандидаты Абенова Ләззат Усманқызы



Басқа жаңалықтар


Бітіруші тyлектер

Платон жуйесі

университетінін электронды кітапханасы

Фотогалерея

Археология

7 СЫР газеті

Каржы орталыгы

Сыбайлас жемкорлыкка карсы іс-кимыл

ПнВтСрЧтПтСбВс


free counters







Біздің мекен-жайымыз:
160500, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі, 11.
тел.: 8(72534) 6-30-00, 6-34-03
факс: 6-34-03, 6-14-63
e-mail:sirdariya@mail.ru

2016 © www.sirdariya.kz