қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English














18.09.2017

ЭКСПО 2017 көрмесінде жалауы желбіреген «Сырдария» университеті!


АСТАНА ЭКСПО – 2017 ХМК-НІҢ СОҢҒЫ МИНУТТАРЫ

Елордамыздағы 90 күнге созылған халықаралық деңгейдегі ЭКСПО көрмесінің жабылу салтанаты өте жоғары деңгейде өтті. Жабылу салтанатында арнайы елуге жуық ел тізгінін ұстап отырған көшбасшыларымен қатар әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздары мәртебелі қонақтар қатарынан көрінді. Әлемнің әр шетінен жиналған халықтың көп болғандығы соншалық, мерекелік іс-шара өтіп жатқан залда ине шаншыр орын болмады.

Мерекелік іс-шара "Болашақтың энергиясы" тақырыбындағы театрландырылған көрініс негізіндегі "Болашақпен тілдесу" қойылымымен ашылды. Қойылым негізінде ЭКСПО-ның өткенінен бүгінге дейінгі ғылыми жаңалықтары 3D форматта LED экран арқылы халыққа ерекше әсер берді. Сонымен қатар Астана ЭКСПО - 2017 көрмесінің "Болашақ энергиясы" негізінде жасалған тың жаңалықтар мен жақын болашақта жүзеге асырылатын жаңа технологиялар туралы мәліметте берілді.

Іс-шараның ресми бөлімін Халықаралақ Көрмелер Бюросының бас хатшысы В.Г. Ласерталес бейнежолдау арқылы көрменің сәтті өткендігімен құттықтай отырып, оның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді. Шара барысында Астана ЭКСПО – 2017 АҚ басқарма төрағасы А. Есімов ХКБ бас ассамблеясының президенті С. Кристомсонға ХКБ туын салтанатты түрде табыстады.

Көрменің жабылуы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қорытынды сөзімен жалғасын тапты. Елбасы ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесінің жаңалықтарын тізбектей келе өткен іс-шараларға жалпылама шолу жасады. Өз сөзінде Ұлт көшбасшысы еліміздің көрме барысында жеткен жетістіктерін айта келе көрмеден алған оң әсерімен бөлісті. Атап айтқанда көрмеге қатысқан 115 ел мен оннан астам Халықаралық ұйымдардың көрме тақырыбы аясындағы ұсынылған жаңалықтарын ерекше атап өтіп, көрмеге келген қонақтар мен көрменің ұйымдастырушыларына Қазақ елінің атынан және Өз атынан алғысын білдірді.

Бүкіл әлем көз тіккен көрменің соңы салтанатты отшашулармен жалғасып, Елордамыз Астананың түнгі аспаны бір мезетке нұрлана түскендей болды.
Жеті минутқа созылған салтанатты отшашу Астана ЭКСПО - 2017 көрмесінің жабылу салтанатына жиналған қонақтарға ұмытылмас сезіммен ерекше әсер қалдырды.

Тленчиева Нұржамал Сейдалықызы п.ғ.к., доцент
Тәрбие істері және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор





Қазақстан мен Бельгия арасында дауысқа түсіп, 44-103 есебімен жеңіске жеткен қазақ елі Халықаралық көрмені өткізу мәртебесіне ие болғанын баршамыз жақсы білеміз. 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өткен ЭКСПО 2017 көрмесі "Болашақ қуаты" атты тақырыбында өткені белгілі. Аталған көрмеге "Сырдария" университетінің студент жастары, ұстаздары мен бірге менде қадам бастым, ендеше көзбен көргенімді сөзбен жеткізуге бел будым. Елордамыз Астана қаласы бізді салқын самалымен, сұлу келбетімен қарсы алды. Көп ұзамай ЭКСПО 2017 көрмесіне де бет алдық.

Билетіміз қолымызда, біз секілді билет ұстап көрмені аралауға асығып тұрған адамның қарасы көп. Сонымен не керек көрме аумағына кіргеніміз сол, таң қалдыратын дүниелерге көзіміз түсті. Ең алдымен өз еліміздің 8 қабатты павильонына бардық. Ішіндегі сәулеті мен сәні жарасқан бұл ғимаратта болашақ Қазақстанды көруге болады. Әр қабаты әр түрлі ерекше дүниелермен қамтылған.

Мысалы ауада қалықтап тұратын маталар бұл физика қабатына көрік беріп, келген қонақтардың таң қалуына себеп болса, келесі бір қабатында қараңғылау етіп жұлдыздар жанып тұрады, тура айда жүргендей әсер аласың. Кезекті бір қабатында өсімдіктердің сан түрлері қойылған, жасыл энергияға толы бөлмелер көрермендердің көңілінен шықты. Мені таң қалдырғаны шыны еден және оның астында жатқан түрлі дәнді-дақылдар.

8 қабатта орналасқан шыны көпірдің үстінде тұрсаң бірінші қабаттағы адамдар құмырсқадай көрінеді, бірақ қорқыныштан таңдануымыз басым болып көпірден қалай өткенімізді өзімізде білмей қалдық.

Сонымен қатар физика қабатында жылдам айналып тұрған қос шеңбердің үстінде шыр көбелек айналып жүгірген екі жігіт тәуекелге бел буып физикалық заңдылықтарды көрсеткенде жиналған қауым қол шапалақтап құрмет көрсетті.

Менің бір түйгенім отандық павилонды түгелімен аралап шығу үшін бір күн жеткіліксіз екен. Дегенмен "Нұр әлем" павилоны таң қалдырды, тамсандырды. Кезек өзге мемлекеттердің павилонына келді. Алдымен Үндістан елінің павилонына кірдік, іші толған адам. Өйткені әшекей заттар мен үнді шәйлері келген қонақтарды өзіне баурап жатты.

Ал Германия павилонында күн сәулесінен энергия алатын болашақ автокөліктер көрмеге сән беріп тұрса, Қытай павилонында роботтар таң қалдырды. Жалпы айтқанда ЭКСПО 2017 көрмесі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына көзіміз жетті. Сөзімнің соңында аталған көрмеге барып көзімізбен көруге мүмкіндік берген университет басшылығына және құрылтайшымыз Есенкүл Сейілқызына барша студент жастардың атынан, өзімнің атынан үлкен алғысымды білдіремін. Болашақ жастардың қолында, бұл көрмеге бару арқылы біздің студент жастар рухани азық алып, жаһандық дүниетанымдары жаңғырғанына сенімім мол!

Марат Сарсенбаев, жастар комитеті төрағасы





Басқа жаңалықтар




Біздің мекен-жайымыз:
160500, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі, 11.
Телефон: 8(72534) 6-30-00, 6-34-03
Факс: 6-34-03, 6-14-63
Е-mail: sirdariya@mail.ru

2017 © www.sirdariya.kz
^ Жоғары шығу