қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English














18.09.2017

ЭКСПО 2017 көрмесінде жалауы желбіреген «Сырдария» университеті!


Талай тамашаны көрдік

Осы оқу жылы мен үшін ерекше серпіліспен басталды. Оған себеп университет басшылығының шешімімен Астана қаласындағы "ЭКСПО – 2017" көрмесіне баруымыз болды. Бұл көрмеден алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Тіпті келешек әлеміне саяхат жасағандай болдым десем де болады. Ең озық технологияларды көзіммен көргенде болашақ расымен де біздің, яғни, жастардың қолында екендігіне көзім жетті.


Біз бірінші болып Отандық "Нұр Әлем" павильонын араладық. Құдды бір 8 қабатты ғимарат бізге Отанымыздың қаншалықты дамығандығын болашаққа деген асқақ арманын бұлғап тұрғандай. Әр қабаттың өзіндік атаулары күн, жел энергияларына арналған. Олар бір-бірін қайталамайды. Ең жоғарғы 8 қабатта болашақ Астанамыз бейнесі бейнеленген. Сол қабаттан қарағанда төменге емес тек қана жоғарыға бағытталған арман мұратқа меңзеп тұрғандай. Отандық павильонда өзіміздің ғалымдарымыздың қайталанбас еңбектері қойылған. Өзіміздің павильонды тамашалап, таңдай қаққан соң, шет елдік павильондарды араладық. Ол жерлерде ең соңғы технологиялар қойылған, бұрын-соңды білмеген жаңалықтар көз алдымызда болды. Маған ұнап есте қалғаны Парсы елдерінің, АҚШ, Германия, Жапония және дамыған Еуропа елдерінің жаңа технологиялары болды. Жалпы алғанда, әрқайсысы өзіндік мәдениетіне сай еткен. Түптеп келгенде "ЭКСПО – 2017" көрмесі жалпы адамзат игілігіне жұмыс жасайтын осынау ғаламат дүниеге менің Қазақстанымның қосқан үлесі ғасырлап әлем есінде болады деп санаймын.

Мейірхан Бектемис

Шетел тілі: екі шетел тілі мамандығының 3 курс студенті






Платон жуйесі

Бітіруші тyлектер

университетінін электронды кітапханасы

Фотогалерея

Археология

ПнВтСрЧтПтСбВс


free counters





Қызықты күндер куәсі болдық

Қыркүйек айының 7-12 жұлдызында университетіміздің қолдауымен бір топ студент жастар және мұғалімдер болып "ЕХРО – 2017" халықаралық көрмесін көру мақсатында Елордамызға жол тарттық. Іс-сапар барысында көптеген қызықтардың, естен кетпес ғажайып сәттердің куәсі болдық. Себебі, әсем қала – Астанамызға әлем халықтары құдды бір ертегідегі бақытына асыққан Қыдыр ата секілді ағыла келген екен. Ия, "Нұр әлемді" айналдыра қоршаған павильондар елімізді айналдыра қоршаған мемлекеттер біздің рухани жаңғырудағы мәдениетімізге бас иіп, әуестенетін сыңай танытты.

Табалдырықтан оң аяқпен аттағаннан бастап ондағы жұртшылық біздерге жылы қабақ танытты. "Ә" дегеннен-ақ біздің беттегеніміз 8 қабатты, қайталанбас сәнді архитектурасы бар "Нұр әлем" павильоны болатын. Бұл павильонда қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы әлем халқы назарына озық үлгіде ұсынылған екен. Одан бөлек велошабандоздар бәйгесіне қатысып, елімізге біршама энергия сыйға тарттық. Одан кейін жан түршіктіретін акробатикалық қойылымның қуәсі болдық. Арасында жалауымызды жамылып естелік суреттерге де түстік.

Әрине, павильондарды бір күннің ішінде аралап көріп біту мүмкін емес. Бірақ, бірнешеуін аралап, мұхиттардың ар жағында орналасқан басқа да мемлекеттердің мәдениетімен танысуға мүмкіндіктер мол. Біз Латын Америкасында орналасқан Бразилия мемлекетінің павильонында бірнеше өнерпаздармен қосылып ән шырқап, сол елдің биін биледік. Сонан соң жол-жөнекей Қытай халық Республикасынан келген бір топ өнерпаздардың, аспан асты еліне тән акробатикалық қойылымын тамашалап, ерекше керемет әсерде болдық.

Одан бөлек бізге қатты ұнағаны Пәкістан мемлекетіндегі қолөнер бұйымдары болды. Онда тұрмысқа қажетті құрал-саймандардың озық үлгілері қолжетімді бағада топшыланып тұр екен. Кейіннен "Африка халықтарының жасырын сұлулығы" атты көрмесін тамашаладық. Бәрі де керемет болды. Естен кетпес сәттер десеңші...

Ия, жалпы ойымызды жүйелеп, сөзімізді түйіндейтін болсақ, біз бұл іс-сапар барысында күнделікті теледидардан көріп жүрген, түрлі-түсті бояулармен бейнеленген әлем әлем жұртшылығының күнкөріс, өмір тіршілігінен хабар беретін мәдениеті, өркениетімен жүзбе-жүз көрісіп таныс болдық. Бәрі-дағы Елордамыздың көркіне көрік қосып, ажарын ашып, ұзатылатын қыздың өрілген шашындай жарасымды орналасыпты. Тіпті үш ұйықтасақт түсімізге кірмейтін африкалықтармен амандасып, бразилиялықтармен бірге көңілді би билегенде, құдды бір құдадан құндыз бөрік, қоян тері, қасқыр жағалы тон кигендей шаттанып, масайрап қалдық. Тәтті түстен оянғандаймыз. Әрине мұндай ғасырда бір кездесетін тарихи сәтке куәгер болуға ықпал жасаған "Сырдария" университетінің басшылығына шексіз алғысымызды білдіреміз!

Ермекбай Ермахан,

қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4 курс студенті.





Отандық павильонды араладық

Қазақстан мен Бельгия арасында дауысқа түсіп, 44-103 есебімен жеңіске жеткен қазақ елі Халықаралық көрмені өткізу мәртебесіне ие болғанын баршамыз жақсы білеміз. 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өткен "ЭКСПО – 2017" көрмесі "Болашақ қуаты" атты тақырыбында өткені белгілі. Аталған көрмеге "Сырдария" университетінің студент-жастары, ұстаздарымен бірге мен де бардым, ендеше көзбен көргенімді сөзбен жеткізуге бел будым. Елордамыз Астана қаласы бізді салқын самалымен, сұлу келбетімен қарсы алды. Көп ұзамай "ЭКСПО – 2017" көрмесіне де бет алдық.
Билетіміз қолымызда, біз секілді билет ұстап көрмені аралауға асығып тұрған адамның қарасы көп. Сонымен не керек, көрме аумағына кіргеніміз сол, таң қалдыратын дүниелерге көзіміз түсті. Ең алдымен өз еліміздің 8 қабатты павильонына бардық. Ішіндегі сәулеті мен сәні жарасқан бұл ғимаратта болашақ Қазақстанды көруге болады. Әр қабаты әр түрлі ерекше дүниелермен қамтылған.
Мысалы, ауада қалықтап тұратын маталар бұл физика қабатына көрік беріп, келген қонақтардың таң қалуына себеп болса, келесі бір қабатында қараңғылау етіп жұлдыздар жанып тұрады, тура айда жүргендей әсер аласың. Кезекті бір қабатында өсімдіктердің сан түрлері қойылған, жасыл энергияға толы бөлмелер көрермендердің көңілінен шықты. Мені таң қалдырғаны, шыны еден және оның астында жатқан түрлі дәнді-дақылдар. 8 қабатта орналасқан шыны көпірдің үстінде тұрсаң бірінші қабаттағы адамдар құмырсқадай көрінеді, бірақ қорқыныштан таңдануымыз басым болып көпірден қалай өткенімізді өзімізде білмей қалдық. Сонымен қатар, физика қабатында жылдам айналып тұрған қос шеңбердің үстінде шыр көбелек айналып жүгірген екі жігіт тәуекелге бел буып физикалық заңдылықтарды көрсеткенде жиналған қауым қол шапалақтап құрмет көрсетті.


Менің бір түйгенім отандық павильонды түгелімен аралап шығу үшін бір күн жеткіліксіз екен. Дегенмен, "Нұр әлем" павилоны таң қалдырды, тамсандырды. Кезек өзге мемлекеттердің павильонына келді. Алдымен Үндістан елінің павилонына кірдік, іші толған адам. Өйткені әшекей заттар мен үнді шәйлері келген қонақтарды өзіне баурап жатты. Ал Германия павильонында күн сәулесінен энергия алатын болашақ автокөліктер көрмеге сән беріп тұрса, Қытай павильонында роботтар таң қалдырды. Жалпы айтқанда, "ЭКСПО – 2017" көрмесі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына көзіміз жетті.
Сөзімнің соңында аталған көрмеге барып, көзімізбен көруге мүмкіндік берген университет басшылығына және құрылтайшымыз Есенкүл Сейілқызына барша студент-жастардың атынан, өзімнің атымнан үлкен алғысымды білдіремін. Болашақ – жастардың қолында! Бұл көрмеге бару арқылы біздің студент-жастар рухани азық алып, жаһандық дүниетанымдары жаңғырғанына сенімім мол!

Марат Сәрсенбаев,

жастар комитетінің төрағасы




Ерекше әсер алып қайттық

"EXPO – 2017" Халықаралық көрмесін Астана қаласында өткізетінін білгенімде мен əлі мектеп қабырғасындағы оқушы қыз едім. Ол кезде көрмені көру барлығымызға арман еді. Əсіресе, шетелдіктердің көрмеге қойған өнертабыстарын көру біз үшін ертегі əлеміне енудей көрінгенді. Міне, аңсап күткен 2017 жыл да келді. Жаз айында Астанаға бара алмадым деп көңілге кірбің түскен еді. Бірақ мұғалімдерімізден жеткен жылы хабардан кейін арманыма жететінімді ұқтым. Студент достарымызбен жəне оқытушы ағай, апайларымызбен жолға шықтық. Астана қаласына қиналмай жетіп алдық. Қалаға келген күннің ертесіне барлығымыз көрмеге қарай жол тарттық. Барлығын өз көзімізбен көріп тұрғаныма сенбей қалдым.

Алыстан көз тартып тұратын мұнараларды көріп таң-тамаша болдық. Ең алдымен Қазақстанның павильонын араладық. Кіргеннен лифт арқылы сегізінші қабатқа көтеріліп, төмен қарай барлығын көріп түсе бердік. Маған ең қатты ұнағаны сол сегізінші қабаттағы шыны еден болды. Шыны еденнен бірінші қабатқа дейінгі аралық барлығы дерлік көрініп тұрды. Əрине бір жағынан қорқынышты да болды. Бірақ ол кездегі таңданыс сезімімді бір сөзбен айтып жеткізе алмайм. Əр қабатта таңдана, тамсана қарайтын дүниелер мен үшін жеткілікті болды. Естелікке суретке түстік. Бірінші қабатқа түскен соң, Қазақстан павильонынан шығып, сыртта тамақтанып алдық. Экскурсия барысында барлығымыз бір үйдің балалары сияқты жүрдік. Соны көріп өзім іштей мəз болдым. Ал енді алдымызда түрлі елдердің павильоны тұрды. Қайсысынан бастарымызды да білмей қалдық.


Алдымен есікке жақын тұрған жердегі Африка павильонына бас сұқтық. Кіре берісте екі биші ұлттық биін билеп тұр еді. Ал іште бізді одан да қызықта дүние күтіп тұрған еді. Бұл жерде Африка құрлығындағы əр мемлекеттен əртүрлі əшекей бұйымдар əкелінген еді. Естелікке заттар алдық. Бұл жерден шыққан соң басқа да бізді қызықтырған ірі мемлекеттердің павильондарына ат басын бұрдық. Ірі мемлекеттер деген себебім көрме өте үлкен болғандықтан, бір күнде барлығын көріп шығу мүмкін емес еді. Қызық көріп жүріп шаршағанымызды да сезбей қалыппыз.

Кешке пəтерге қайтып барлығымыз дем алдық. Қалада жүрген уақытымызды тиімді пайдалануға тырыстық. Ертеңіне жақсы көңіл-күймен қаланың көрікті жерлерін аралауға шықтық. Қала туристтерге лық толы. Ең алдымен Ханшатырына бардық. Ол жерді аралап болған соң, "Нұржол" арқылы көрме тақырыбына сай етіліп жасыл түске оранған. Қаладағы екінші күн де көңілді өтті. Қайтар кезде барлығымыз пəтерде жиналып, тамақтанып, əн салып, ойын ойнадық. Таң атысымен жолға шықтық. "EXPO – 2017" халықаралық көрмесін көргеніме өте ризамын. Өйткені, мұндай ғажайыпты тағы қашан көретініміз белгісіз. Осы экскурсияны ұйымдастырған басшылыққа жəне біздің жауапкершілігімізді мойнына алып апарып келген мұғалімдерге алғысым шексіз!

Ұлбала Омар,

"Бастауыш сыныпта оқыту әдістемесі мен педагогикасы" мамандығының 3 курс студенті.




Айтар алғысымыз шексіз

Университет атынан "ЭКСПО – 2017" көрмесіне бардым. Көрмеден алған әсерім өте керемет. Ол жерде қаншама жерден келген делегация және туристтерді көрдім, басқа елдердің павильондарын аралап, соңғы технологиялардың куәгері болдым. Маған "ЭКСПО – 2017" көрмесі өте қатты ұнады. Өзіміздің "Нұр әлем" павильоны жасалу стилі шар тәріздес болып 8 қабаттан тұрады.


Маған қатты ұнаған павильондардың бірі осы болды. Өзбекстан павильонынан көрген жасыл энергиялық бағыттағы жаңалықтары көңіл қуантарлық. Атап айтқанда, электро-мобильді көліктер маған қатты ұнады. Одан басқа да елдердің павильиондарында қызықты заттар көрмеге қойылды.

Маған мұндай мүмкіндік сыйлаған "Сырдария" университеті басшылығына алғыс айтамын.

Серік Оразхан,

дене шынықтыру және спорт мамандығының 3 курс студенті




Жаңалықтармен таныстық

Көп жылдық тарихы бар "ЭКСПО – 2017" көрмесі техникалық және технологиялық жетістіктерді, сондай-ақ оған мүше елдердің тарихын, дәстүрі мен мәдениетін көрсету үшін өткізіледі. Олар жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастырады. Мұндай іс-шараға барлық құрлықтың жүздеген елінен бірнеше миллиондаған адамдар қатысады.

Адамдардың өмір сүруі мен дамуы "жасыл" экономикаға көшуді қажет етеді, яғни бұл болашақ ұрпақтарды экологиялық тәуекелдер мен экологиялық тапшылықтарға апармай, өндірістермен байланыстарды, экономикалық қызмет түрлерінің жүйесіне келтіріп, адамдардың әл-ауқатының көтерілуіне алып келуі керек. "ЭКСПО – 2017" көрмесі аясында 140-қа жуық ғылыми жаңалықтар ашылды. Осы жаңалықтармен етене танысу бақыты "Сырдария" университетінің 20-ға жуық студент жастары мен ұстаздарына бұйырған екен.


Көрмені көру барысында көптеген елдердің ғылыми жаңалықтарымен мейлінше көп мәліметтерге ие болдық. Атап өтер болсам, Еуропа мемлекеттерінің павильондарында адам көп жүретін жолдарда адамның жолды басуы арқылы қуат алатын жаңалығы бізді селт еткізді. Сонымен бірге Жапония және Германия мемлекеттерінің павильондарында "Ақылды үй", "Электрлі көліктердің әлеуеті", "Балдырдан алынатын энергия" сынды жаңалықтарға қол жеткізілген. Бір сөзбен айтқанда, көрмені құрушылар көрмені керемет деңгейде өткізілуіне барын салған.

Шәмші Гүлсім,

математика мамандығының 4 курс студенті.



Құрылтайшымыз қуаныш сыйлады

Бүгінде елімізде қалталы азаматтар немесе жоғары оқу орындарындағы студенттерге демеуші болатын оқу орындары баршылық. Бірқатарының қайырымдылық іс, демеушілік жасап жүргенін көріп те жүрміз. Мұның өзі көңілге қуаныш ұялатары сөзсіз.

Қазақта "Бір қолыңнан бергенін екінші қолың білмесін" деген сөз бар. Дегенмен, жақсының жақсылығын айтқан дұрыс-ау деп ойлаймын.

2017 жылдың ең басты оқиғасы "ЭКСПО – 2017" халықаралық көрмесі екені баршамызға аян.


Бүгінде Астанадағы көрме жайында бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Әр ел өз павильоны туралы мәлімет келтірсе, кей баспасөз аз уақытта бой көтерген көркем нысандарды тілге тиек етуде. Жарайды көрме туралы мәліметті осы жерден тоқтата тұрып, сөзіміздің басында айтылған қайырымдылыққа көшсек.

Қыркүйек айының 7 жұлдызында "Сырдария" университетінің оннан аса белсенді студенттері Астана қаласында өтіп жатқан "ЭКСПО – 2017" көрмесін тамашалауға барып қайтты. Университет құрылтайшысы Есенкүл Сейілқызы студенттерге Астана қаласында өтіп жатқан "ЭКСПО – 2017" көрмесін тамашалауға үлкен мүмкіндік сыйлап, қуанта білді. Жастарымызға тағылымды тәрбие беріп, елімізде өткен халықаралық көрмені тамашалауға ықпал еткен университет басшылығына айтар алғысым шексіз.

Лаура Пошанова,

биология мамандығының 3 курс студенті.





Фотогалерея



Басқа жаңалықтар




Біздің мекен-жайымыз:
160500, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі, 11.
Телефон: 8(72534) 6-30-00, 6-34-03
Факс: 6-34-03, 6-14-63
Е-mail: sirdariya@mail.ru

2017 © www.sirdariya.kz
^ Жоғары шығу