қазақша орысша сайтын картасы конак кітабы English














16.09.2017

Латын әліпбиіне көшу – заман талабы


Рухани жаңғыру бағытындағы мәселелердің бірі –латын әліпбиіне көшу. Осы мақсатта 2017 жылдың 15-қыркүйегінде университеттің тәрбие істері және әлеуметтік мәселелер бөлімі профессор-оқытушылар және студенттердің қатысуымен жиын өткізді.

Тәрбие істері және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Н.С.Тленчиева жиналысты ашып, келген қонақтармен таныстырып, баяндамасын жасады: "Елбасының мақаласында көтерілген латын әліпбиіне көшу мәселесі өте өзекті әрі орынды.


Біз ендігі кезекте осы мақсатқа жету үшін не істеу керектігін ойлануымыз қажет. Себебі, латын жазуына көшеміз деп айта салу оңай, ал оны жүзеге асыру үшін үлкен шараларды қолға алуымыз қажет. Ол үшін не істеу керек?

Біріншіден, латын графикасына өтудің оңы мен солын саралап алғанымыз жөн. Соған талдау жасап, мәтіннің оқу әуезін, әдісін, заңдылығын меңгеріп алуымыз керек. Екіншіден, кейбіреулер компьютердің көмегімен барлық дүниені латын әліпбиіне көшіре салуға болатынын айтады. Менің ойымша, бұлай жеңіл жол іздеген дұрыс емес.

Мазмұнды оқулықтар мен әдебиеттің барлығын 100 пайыз сауатты етіп аударып шығу қажет. Өйткені, кезінде араб әрпінде жазылған әдебиеттер әлі күнге дейін шаң басып жатыр. Себебі, біз оларды оқи алмай, қиналдық. Ал латын әліпбиіне көшетін болсақ, кешегі, бүгінгі рухани дүниелеріміздің бәрін сауатты қалпында аударып алсақ, кейінгі буын трагедияға ұшырамайды. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу үшін емле ережесінің сақталуына баса мән берген жөн. Яғни, бірізділік, ортақ қағида болуы шарт.

Өйткені, латын графикасында жазғанның жөні осы деп әркім өз білгенімен әр түрлі таңбаны қоя берсе, мұның соңы сауатсыздыққа әкеліп соғады. Төртіншіден, балабақшаларда, мектептерде, жалпы оқу үрдісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән каллиграфия (жазу өнері) деген сабақты енгізу, латын қарпін сауатты жазатын, оқитын мұғалімдер дайындау. Осы бағыттағы жұмыстарды тиянақты атқара білсек, ұтарымыз мол болмақ".



Латын әліпбиіне байланысты "Қазақ тілі мен әдебиеті" кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әбенова Ләззат Усманқызы пікір білдірді. Жаңа әліпбиге көшудегі ерекшеліктер мен айырмашылықтарды айтып өтіп: "Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл кең таралған жазу. Қарапайым ғана мысал келтірер болсақ, қазір ұялы телефонда латын қарпінде жазу оңай, ал крииллицада қазақша тере алмай қиналып жатамыз. Себебі, латын әліпбиінің базасы қалыптасқан әрі ауқымы кең.

Өкінішке қарай, латын әліпбиінің қазақ тарихындағы ғұмыры ұзақ болған жоқ. Десе де, он шақты жылдың ішінде бұл жазу сол уақыттағы қазақ тілінің құлдырауын біршама тоқтатты. Себебі, латын әліпбиінің басым бөлігі фонетикаға негізделді, яғни, сөздің таза айтылуын сақтап қалды. Түркі дүниесіне ортақ заңдылықты сақтады. Біз енді сол үрдісті жалғастырып, заманға сай лайықтап, бейімдеп, ары қарай дамуына ықпал етуіміз қажет", - деді.

Сөз соңында Л.У. Әбенова бүкіл түркі әлемінде 34 таңба болғанын, қазіргі таңда қай нұсқаны таңдау керек деген сауалды нақтылау керек екенін түсіндіре келе: "Бүгінде әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ тұрады. Оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Демек, біз болашақта латын әліпбиіне көшсек, сол қазақтармен жақындаса түсеміз. Түсіне білген адам үшін мұның да маңызы зор", - деді.

Қазіргі қоғамдағы басты мәселені талқылаған жиыннан тіл жанашырлары көңілге қонымды әсер алды.







Басқа жаңалықтар





Платон жуйесі

Бітіруші тyлектер

университетінін электронды кітапханасы

Фотогалерея

Археология

ПнВтСрЧтПтСбВс


free counters





Біздің мекен-жайымыз:
160500, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласы, Әуезов көшесі, 11.
Телефон: 8(72534) 6-30-00, 6-34-03
Факс: 6-34-03, 6-14-63
Е-mail: sirdariya@mail.ru

2017 © www.sirdariya.kz
^ Жоғары шығу